Ерекше балаларды қолдайтын мамандардың өзіне кім қолдау көрсетеді?

156
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/O7Wgif2NKYksuAn1WJhfeVrYSokxMrh6I3HS9q7u.jpg

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының фракция мүшесі Айнагүл Балташева осы аптада өткен Құрылтай отырысында педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау мәселесін көтерді.

Turkystan.kz сайтының айтуынша, депутат мамандардың апталық нормативтік оқу жүктемесін 16 сағат көлемінде бекіту мүмкіндігін қарастырып, олардың өзге кәсіби міндеттеріне жұмсайтын уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажет екенін мәлімдеді.

«Педагог-ассистент – баланың жанында жай ғана жүретін қызметкер емес. Ол ерекше баланың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруына және дербестік дағдыларын дамытуына кәсіби қолдау көрсететін маман. Алайда бүгінгі таңда педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік реттеу мәселесі толық шешімін таппай отыр», – дейді депутат.

Айнагүл Балташева осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне үш ұсыныс жолдады. Біріншісі – педагог-ассистенттердің апталық нормативтік оқу жүктемесін 16 сағат көлемінде белгілеуді, оны заңнамалық тұрғыдан бекітуді және қаржылық негіздеме әзірлеуд. Екіншісі – Баланы сүйемелдеу уақыты мен өзге де кәсіби міндеттерге жұмсалатын жұмыс уақытын нақты ажыратып, есепке алу тәртібін белгілеуді. Үшіншісі – педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін енгізу.

Ресми деректерге сүйенсек, 2025-2026 оқу жылының басында елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Оның 70 мыңы – бала мектепке дейінгі жастағы, ал – 165 мыңы бала мектеп жасындағы балалар. Мектеп жасындағы 165 мың баланың 73%-ы жалпы білім беретін мектептерде, тағы 17 мыңы арнайы мектептерде оқиды.

Балалармен 11 336 арнайы педагог, 6,5 мыңға жуық педагог-ассистент және 250 жеке көмекші жұмыс істейді. Дегенмен, министрлік өңірлерде 3 500-ден астам арнайы педагог жетіспейтінін растайды. Бұл мәселе, әсіресе, ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлерде өзекті.

Ерекше бала тәрбиелеп, педагог-асистенттің қолдауын көріп отырған ана Маржан Бакиеваның пікірінше, педагог-ассистент – жай маман емес, балаларға әрі ұстаз, әрі туған анасындай қамқорлық танытады. Маржан жауапкершілігі мол жұмысты ескере отырып, педагог-ассистенттердің еңбегі лайық бағаланып, жалақысы мен кәсіби беделі арта түссе дейді.

 «Педагог-ассистенттің нақты қанша жалақы алатынын білмеймін. Алайда алатын еңбекақысы атқаратын жұмысына мүлде сай келмейтінін жақсы түсінемін. Өйткені бұл мамандық үлкен эмоциялық және физикалық күшті талап етіп қана қоймай, баланың өмірі мен денсаулығына жауапкершілік жүктейді. Психикалық дамуында ерекшеліктері бар балалар айналасындағы қауіп-қатерді әрдайым түсіне бермейді. Мысалы, баспалдақтан құлап кетуі немесе мектептен қашып шығуға әрекет жасауы мүмкін. Осындай орасан жүктеме, жоғары жауапкершілік, төмен жалақы және кейбір ата-аналардың педагогке шектен тыс талап қоюы маманның кәсіби қажуына әкелуі мүмкін деп ойлаймын.

Мен осындай күрделі әрі бірнеше міндетті қатар атқаратын мамандардың еңбегі лайық бағаланып, тиісті жалақы алғанын қалаймын. Педагог-ассистент мамандығының беделі жоғары болып, мамандардың біліктілігін тұрақты арттыруға мүмкіндік берілуі керек. Сонда барлығы ұтады: педагог-ассистенттер кәсіби білімін жетілдіруге ұмтылады, ал ата-аналар балаларына білікті маман қарайтынына сенімді болып, көңілі тыныш болады», – дейді ол.

Астанадағы Ыбырай Алтынсарин атындағы № 83 мектеп-гимназиясының инклюзивті білім беру жөніндегі менеджері Гүлжаһан Жахинаның айтуынша, педагог-ассистенттің қызметі көпшілік ойлағандай, баланың жанында отырып, оны бақылаумен ғана шектелмейді.

Маманның пайымынша, инклюзивті білім берудің сапасы балаға жасалған жағдайға ғана емес, онымен жұмыс істейтін маманның кәсіби дайындығы мен еңбек жағдайына да байланысты. Осы ретте Гүлжаһан Қанатқызы шешімін табуға тиіс бірнеше маңызды мәселені атап өтті.

«Біріншіден, педагог-ассистенттердің еңбекақысын көтеріп, әлеуметтік қолдауын күшейту қажет. Себебі бұл мамандар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен күнделікті жұмыс істеп, үлкен жауапкершілік атқарады. Олардың еңбегі лайықты бағалануға тиіс.

Екіншіден, педагог-ассистенттердің міндеттері мен құқықтарын нақты айқындау керек. Педагог-ассистенттің қызметі тек баланың жанында отырумен шектелмейді. Ол баланың оқу үдерісіне қатысуына, сыныпқа бейімделуіне, қарым-қатынас жасауына және дербестігін дамытуына көмектеседі. Сондықтан мектептегі басқа мамандармен бірлескен жұмыстың нақты тәртібі белгіленуі қажет.

Үшіншіден, кәсіби даярлық пен әдістемелік қолдауды күшейту қажет. Педагог-ассистенттерге тұрақты біліктілікті арттыру курстары, тәжірибе алмасу алаңдары, заманауи әдістемелік құралдар және психологтер мен арнайы педагогтердің қолдауы қажет», – дейді Гүлжаһан Қанатқызы.



Пікірлер