Аймағамбетов: Медицина қызметкерлеріне шабуыл — ең жиі тіркелетін оқиға

864
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/i7QwyJA5nHcZTZLbBXoUdPDqklKfU6JAENBqE8Zp.jpg

Мәжілісте медицина саласындағы мамандардың қауіпсіздігін арттыру мәселесі көтерілді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Депутат Қайрат Балабиев денсаулық сақтау өкілдерін жеке «қорғалатын субъект» ретінде заңнамамен айқындаудың қаншалықты орынды екенін сұрап, тиісті сауалды Асхат Аймағамбетовке жолдады.

«Заң жобасында арнайы субъект – медицина қызметкері немесе жедел жәрдем жүргізушісі ретінде айқындалып, құқықбұзушылықтың жаңа құрамы енгізу ұсынылады. Асхат Қанатұлының баяндамасын ескерсек, бұл қажет. Алайда бүгінгі күні қоғамда агрессия тек дәрігерлерге емес, қоғамдық көлік жүргізушілеріне, сауда орындары мен қоғамдық тамақтану орындары қызметкерлеріне де бағытталып отыр. Медицина мамандарын жеке пән ретінде бөліп қарастыру қаншалықты орынды?» – деді депутат.

Депутаттық сауалға жауап берген Асхат Аймағамбетов ресми статистикаға назар аудартты.

«Бүгінгі күні 280 оқиға тіркелген. Тіркелмегендері бұдан да көп. Басқа мамандықтармен салыстырсақ, бізде прокурор, құқық қорғау органдары қызметкерлері секілді заңмен қорғалатын субъектілер бар. Ал медицина қызметкерлері — ең көп шабуылға ұшырайтын мамандар. Кітапханашылармен немесе мұғалімдермен салыстырайық дейді. Бүгінгі жағдайда оларға қатысты мұндай оқиғалар тіркеліп жатқан жоқ», – деді ол.

Депутат Асхат Аймағамбетов сонымен қатар халықаралық тәжірибеге де тоқталды.

«Көптеген елдерде мұндай шешім бұрыннан қабылданған», – деп атап өтті.

Пікірлер