Казинодағы алаяқтық. Сиднейде қазақстандық ерлі-зайыптылар ұсталды

705
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1CIASA1600zmwP14WKNTMIZyf7Ml3r3GSmRXMpCI.webp

Австралияның Сидней қаласындағығы Crown казиносында алаяқтық жасады деген күдікпен қазақстандық ерлі-зайыптылар қамауға алынды. Олар бірнеше ай ішінде жасырын камера мен арнайы құлаққаптарды пайдаланып, миллион доллардан астам ақша ұтқан, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі The Guardian-ға сілтеме жасап.

36 жастағы Дилноза Исраилова мен 44 жастағы күйеуі Алишериходжа Исраилов 2025 жылдың қазан айында Қазақстаннан Сиднейге келген. Полицияның мәліметінше, олар келген күні-ақ Crown казиносының мүшелік картасын рәсімдеген.

Қазан мен қараша айларында ерлі-зайыптылар казиноға бірнеше рет барып, жалпы сомасы 1,18 миллион доллар ұтқан. Олардың тұрақты жеңістері казино әкімшілігінің күдігіне іліккен.

27 қарашада казино қызметкерлері әйелдің киімінен жасырын камераны байқап қалған. Әкімшілік полиция шақырып, әйелді күйеуімен бірге казино ішінде ұстап алған.

Тергеушілердің айтуынша, жұптан кішкентай магниттік белгіштер, қуаттағыштар және үстелдерді жасырын түсіруге мүмкіндік беретін арнайы бекіткіші бар мобильді телефон тәркіленген.

Жаңа Оңтүстік Уэльс штаты полициясының нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптылар телефон камералары арқылы ойын үстеліндегі карталарды түсірген. Ал көзге көрінбейтін құлаққап арқылы олар қай картаға бәс тігуі керектігі жөнінде нұсқаулар алып отырған.

Жалға алған пәтерді тінту барысында басқа да ойын жабдықтары, қымбат әшекейлер және 2000 еуро қолма-қол ақша табылған.

Жұма күні олардың екеуі де бұлтартпау шарасын қарау үшін сотқа жеткізілді. Олар кепілмен босатуды сұрамағандықтан, қамауда қалдырылды. Ер адамның ісі желтоқсанға, әйелдің ісі ақпан айына белгіленген.

Пікірлер