Қош бол, Айбек, көргенше! СІМ ресми өкілі қызметтен кетті

79
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RY1D8F4rrt448F3mzFpzC3Lgu1vtS6d0mimYcJDT.jpg

Айбек Смадияров Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – ресми өкілі лауазымынан кетті. Бұл қызметте ол 8 жыл бойы жұмыс істеген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қызметтен кету туралы шешімін Смадияров министрлікте өткен апталық брифингте хабарлады. Ол бұл шешімнің өз еркімен қабылданғанын, кенеттен қабылданбағанын айтты.

«Мен бұл күнге дайындалып жүрдім. Сегіз жыл бойы осы мінберде тұрдым… Осы жылдары еліміз сыртқы саясатта көптеген кезеңнен өтті, көптеген мәселе болды. Тек сіздердің арқаларыңызда бүкіл әлем Қазақстанды таныды», – деді А.Смадияров.

Айбек Смадияров 1983 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие, қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстандағы Қытай банкі» АҚ-да бастаған Айбек Смадияров 2006 жылдан 2008 жылға дейін ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінде, 2008–2010 жылдары Еуропа департаментінде қызмет атқарды. 2010–2012 жылдары Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде жұмыс істеді. 2012–2013 жылдары ҚР Президентінің Баспасөз қызметінде сарапшы, 2013–2014 жылдары ҚР СІМ Сыртқы саяси сараптау мен болжамдау комитетінің бірінші хатшысы болды.

2014–2018 жылдары Вьетнамдағы ҚР Елшілігінде екінші және бірінші хатшы, 2018–2019 жылдары ҚР СІМ баспасөз қызметін басқарды. 2019–2023 жылдары Халықаралық ақпарат комитетінің орынбасары – баспасөз хатшысы лауазымында қызмет атқарды. 2023 жылғы маусымнан бастап ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры – Ресми өкіл болды.

2025 жылдың 4 наурызында Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – Ресми өкіл лауазымына тағайындалған еді.

Пікірлер