Қытайда мемлекеттік Huarong International қаржы компаниясының бұрынғы бас директоры Бай Тяньхуэйге шығарылған өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ҚХР Орталық телевидениесі хабарлады.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Бай Тяньхуэй 2014–2018 жылдар аралығында түрлі тұлғаларға жобаларды сатып алуға және корпоративтік қаржыландыру алуға көмектескен. Өз қызметі үшін ол жалпы көлемі 1,108 миллиард юань (шамамен 156 миллион АҚШ доллары) пара алған.
2024 жылғы 28 мамырда Тяньцзинь қалалық соты оны аса ірі көлемдегі жемқорлық қылмысы үшін кінәлі деп танып, өлім жазасына кескен. 2025 жылдың ақпан айында бұрынғы компания басшысы апелляциялық шағым түсіргенімен, Тяньцзинь жоғары халық соты алғашқы үкімді күшінде қалдырды.
Сот шешімінде пара көлемінің «өте ірі» екені және оның әрекеттері «аса ауыр салдарға» әкелгені атап өтілді. Іс материалдары міндетті түрде тексеру үшін Қытайдың жоғарғы халық сотына жолданып, онда өлім жазасын орындау мақұлданды.
Соттың түпкілікті шешімінен кейін Тяньцзинь екінші аралық халық соты үкімді заң талаптарына сәйкес орындады. Мәлім болғандай, үкім орындар алдында Бай Тяньхуэйге жақын туыстарымен қоштасуға мүмкіндік берілген.
Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында Қытайда ірі банк басшысы да жемқорлық үшін өлім жазасына кесілген еді. Алайда айыпталушының өз кінәсін мойындап, ұрланған қаржының едәуір бөлігін қайтаруына байланысты үкімнің орындалуы кейінге қалдырылған.