Фото: kazaknews.kz
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан (Қарақалпақстан) халықтарының киіз үй жасаудағы дәстүрлі білімдері мен шеберлігі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді. Бұл шешім 10 желтоқсанда Нью-Делиде өтіп жатқан Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 20-сессиясында бірауыздан қабылданды, деп хабарлайды "Адырна".
"Бұл киіз үйді әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі ретінде тану мүмкіндігін арттырады және Орталық Азия мұрасының ортақ екенін айғақтайды",-деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
ЮНЕСКО-ға жолданған номинацияда киіз үйдің тек баспана ғана емес, қырғыз, қазақ және қарақалпақ халықтарының ұлттық болмысын айқындайтын мәдени символ екені атап өтілді. Киіз үй жасау дәстүрі ғасырлар бойы шеберден шәкіртке беріліп, ұрпақ сабақтастығының маңызды бөлігіне айналған.
Бұл элемент алғаш рет 2014 жылы Қазақстан мен Қырғызстанның бастамасымен тізімге ұсынылған еді. Кейін Өзбекстан қарақалпақ киіз үйін қосу арқылы номинацияны кеңейту жөнінде бастама көтерді. Осылайша үш ел бірлескен түрде мәдени мұраны ЮНЕСКО деңгейінде қорғауға қол жеткізді.
Ұйым мәліметінше, қазіргі таңда материалдық емес мәдени мұраның халықаралық тізімдерінде 153 елден 812 элемент бар.
Қазіргі таңда Қазақстанның «Салбурын» ұлттық өтінімі және «Кесте тігу өнері» (Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан), «Киіз басу өнері» (Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан), «Алпамыс жыры» (Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан), «Тақия» (Қазақстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия) аталымдары ЮНЕСКО-ның қарауында екенін айта кеткен жөн.