Украина Қарулы күштерінің арнайы операциялық күштері (ССО) Каспий теңізінде операция жүргізіп, нәтижесінде екі ресейлік танкерді жойды. Бұл туралы Oxu.Az ССО баспасөз қызметіне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.
ССО мәліметінше, шабуыл Қалмақ Республикасы жағалауында, кемелер қару-жарақ пен әскери техника тасымалдап жүрген кезде жасалған. Операцияға «Қара Ұшқын» көтерілісшілер қозғалысы да ақпараттық қолдау көрсеткен. Ресей билігі бұл туралы пікір білдірген жоқ.
Бұған дейін Украина Қауіпсіздік қызметінің ұзақ қашықтыққа ұшатын дрондары Каспий теңізіндегі Филановский мұнай платформасына соққы беріп, оның жұмысын тоқтатты. Платформа «Лукойл-Нижневолжскнефть» компаниясына тиесілі және 20-дан астам ұңғымаға қызмет көрсетеді. Бұл – Каспийде Ресейдің мұнай инфрақұрылымына жасалған алғашқы украин соққысы.
Соңғы апталарда Украина Қауіпсіздік қызметінің Sea Baby дрондары Қара теңізде Ресейдің «көлеңкелі флотының» бірнеше танкеріне соққы жасады:
- Kairos және Virat – 28 қарашада Түркия жағалауында зақымдалды; екеуі де Батыс санкциясына іліккен. Кейін Kairos Болгария жағасында апатқа ұшырағаны хабарланды.
- Midvolga 2 – 2 желтоқсанда Грузияға жақын маңда шабуылға түсті.
- Dashan – 10 желтоқсанда ауыр соққы алып, алдын ала мәлімет бойынша істен шықты.
Ресейде саяси дағдарыс басталған сыңайлы... Ал Қазақстанға қалатыны — етек-жеңді жиып, шекараны қас-қақпай күзетіп отыру ғана...