Тоқаев үш ЖЭО құрылысының созылып кетуін сынға алды

136
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RM5mlDtcJvs2zV01QrlkntGoiWY60V1Os759eCFw.jpg

Қазақстан электр қуатын басқа елдерден сатып алмауы керек. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласының қызметкерлерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн.  Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз»,-деді ол.

Президент бірнеше қалада жылу электр орталықтарын салу керектігін атап өтті.

«Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, еліміздегі үш қалада ЖЭО салу жөніндегі келісімге 2024 жылы қол қойылған. Құжатта Ресей тарапынан Қазақстанға жеңілдетілген экспорттық несие беру көзделген болатын. Алайда өткен көктемде вице-премьер Роман Скляр бұл қаржыландыруды алу мәселесі туындағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, егер Ресей тарапы қаражат бөле алмаса, Қазақстан жаңа инвесторлар іздеуге мәжбүр болады.

Шілде айында Қазақстан тарапы Көкшетаудағы ЖЭО құрылысын өз қаржысымен бастағаны белгілі болды. Ал тамызда жобаға қытайлық мердігерлер тартылғаны хабарланды.

Жуырда Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов нысанда қазіргі уақытта жер қазу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс алаңы дайындалып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол Қазақстанның әлі күнге дейін Ресейден Семей мен Өскемен қалаларындағы қалған екі ЖЭО құрылысына арналған жеңілдетілген несие бойынша жауап ала алмағанын жеткізді.

Пікірлер