Тәжікстан Ресейдегі оқушы өліміне қатысты мәлімдеме жасады

227
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6EImxv7DJ3TWCZuxqUA7Gep3uRDfe2nnWHil5mav.jpg

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Мәскеудегі оқушы өліміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ферғана мәліметінше, Одинцово қаласында мектеп оқушысының қаза табуына байланысты мәлімдеме жасап, Ресей билігін кінәлілерді жауапкершілікке тартуға шақырды. Ведомствоның мәлімдемесі СІМ-нің ресми сайтында жарияланды.

Министрлік аталған қылмыстың ұлтаралық өшпенділік негізінде жасалғанын атап өтті. Қайтыс болған бала Мәскеу облысы Одинцово қалалық округіне қарасты Горки-2 кентіндегі Успен орта мектебінде оқыған. 4-сынып оқушысы - Кобилжон Алиев. Ол Тәжікстан мен Ресейдің қос азаматтығына ие болған.

Мәлімдемеде Тәжікстан Республикасындағы Ресей Федерациясының елшісі Сергей Григорьевтің Тәжікстан СІМ-не шақырылғаны және оған ресми нота тапсырылғаны айтылды. Онда Ресей тарапынан бұл оқиғаны жедел, объективті және бейтарап тергеу, сондай-ақ кінәлілерді заң аясында қатаң жауапкершілікке тарту талап етілген.

Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан баланың отбасына көңіл айтып, Тәжікстанның Ресейдегі елшілігіне марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, істі бақылауда ұстау тапсырылғанын хабарлады.

Оқиға 2025 жылдың 16 желтоқсанында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, 15 жастағы Успен мектебінің оқушысы пышақ пен газ баллонын пайдаланып, оқу орнының күзетшісін жаралап, 10 жастағы төртінші сынып оқушысын өлтірген. Кейін ол бір сыныпқа бекініп, оқушылардың бірін кепілге алған. Оқиға орнына келген күштік құрылым өкілдері жасөспірімді ұстады.

Ресейдің тергеу комитеті адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. Егер сот-психиатриялық сараптама жасөспірімді есі дұрыс деп таныса, оған тәрбиелік колонияда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Болжамдардың біріне сәйкес, қылмысқа жасөспірімнің ксенофобиялық көзқарастары себеп болған. Куәгерлердің айтуынша, ол шабуыл алдында оқушылардан ұлтын сұрап, бұған дейін сыныптастарына түрлі ұлттар мен діни топтарға қарсы агрессивті мазмұндағы жазбалар таратқан. Басқа дерек бойынша, оның негізгі нысанасы математика пәнінің мұғалімі болған және ол қолдан жасалған жарылғыш зат дайындауы мүмкін деген болжам бар.

Марқұм баланың анасы осы мектепте еден жуушы болып жұмыс істеген. Ақпаратқа сәйкес, ол күйеуі қайтыс болғаннан кейін екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп келген.

Пікірлер