Путин соғыстағы адам өліміне өзін кінәлі сезінбейтінін айтты

135
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/bUJ8zBfnpuKBNUJbNGFYsOHeNpNp3L6OJXYfd6SU.webp

Ресей президенті Владимир Путин "Тікелей желіде" Дональд Трамппен қарым-қатынасы және Украинадан елеулі ымыраларды талап ететін бейбітшілік жоспары жөнінде айтты. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды "Адырна".

АҚШ-тың NBC телеарнасының тілшісі 2026 жылы украиндар мен ресейліктердің қаза табуына байланысты Путин өзін жауапты сезіне ме деген сауал көтерді.

«Біз адамдардың қаза табуына өзімізді кінәлі деп санамаймыз, өйткені соғысты біз бастаған жоқпыз», -деп жауап берді Путин.

Ол бұл тұста 2014 жылы Украинада болған «антиконституциялық төңкеріс» туралы өз ұстанымын тағы да қайталады.

Путиннің айтуынша, Кремль 2022 жылдың ақпанында «Киев Батыстың қолдауымен бастаған соғысты аяқтау үшін қарулы күштерді қолдануға мәжбүр болды». Бұл — Ресей басшысының бұрыннан келе жатқан ресми ұстанымы.

Ресей президенті Дональд Трамптың қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге «шынайы әрі байыпты күш салып жатқанын» атап өтті. Оның сөзінше, тамыз айында Анкориджде өткен саммитте тараптар Трамп ұсынған жоспарды талқылап, «негізінен келісімге келген».

«Сондықтан біз қандай да бір ұсынысты қабылдамадық деу — мүлде дұрыс емес әрі негізсіз», - деді Путин. Ол Анкоридждегі кездесуде бұл шешімдер Ресей үшін оңай болмағанын, бірақ ұсынылған ымырамен келісуге дайын екенін жеткізді.

Путин қазіргі жағдайда бастама Украина мен оның еуропалық одақтастарының қолында екенін айтты.
«Біз келіссөздерге де, қақтығысты бейбіт жолмен аяқтауға да дайынбыз», — деп мәлімдеді Ресей президенті.

Пікірлер