Ресейлік билік шешендер депортациясы туралы фильмді көрсетуге тыйым салды

405
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TdMJ1GJsCw2AnIo6jb4OgeGUCZSlLpSchcJMncpJ.jpg

Ингушетияның Мәдениет министрлігі режиссер Амур Амерхановтың 1944 жылы кеңестік билік жүргізген депортациядан кейін ингуш халқының Отанына оралуына арналған «Хат» фильмін көрсетуге тыйым салды. Бұл туралы Fortanga жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ингуш ұлттық киностудиясы түсірген жоба Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі тарапынан мақұлданып, федералдық грант алған болатын. Түсірілім жұмыстары 2021 жылы басталған. Алайда басылым мәліметінше, фильмде кеңестік биліктің депортация кезіндегі рөлі сыналғандықтан, жұмыс барысында-ақ картинаны қаралау әрекеттері жасалған.

Фильм Ингушетияның өзінде іс жүзінде бұғатталғанына қарамастан, Ресейдің бірқатар өңірлерінде және шетелде көрсетілген. «Хат» фильмі алдағы уақытта республикадан тыс жерлерде көрсетілмек. Сондай-ақ туынды Иорданияда өтетін Karama Human Rights Film Festival Team және Бангладештегі Dhaka International Film Festival кинофестивальдеріне қатысуға іріктелгені хабарланды.

Fortanga дерегінше, республика тұрғындары Ингушетия Мәдениет министрлігінің Telegram-арнасында фильмнің қашан көрсетілетіні туралы бірнеше рет сұраған. Министрлік прокатқа рұқсат беретін сертификатсыз көрсетілім ұйымдастыра алмайтынын айтқан.

«Алайда федералдық заң мен РФ Мәдениет министрлігінің түсіндірмелеріне сәйкес, премьералық және премьера алдындағы көрсетілімдер үшін мұндай куәлік талап етілмейді», — деп жазады басылым.

Gazetaingush.ru мәліметінше, фильм Оңтүстік Қазақстан, Мәскеу облысы мен Мәскеу, Беларусь, Абхазия, Грузия, Өзбекстан аумағында және Ингушетияда түсірілген.

Фильм нақты оқиғаларға негізделген және ингуш халқы атынан кеңес көсемі Леонид Брежневке хат жеткізген ингуш коммунистері тобы туралы баяндайды. Сапар барысында оларды жас онкохирург ертіп жүреді. Картинада басты кейіпкердің балалық шағы, Қазақстанға жер аударылған кезеңді еске алатын сәттері көрсетіледі.

Еске салайық, 1944 жылы 500 мың шешен-ингуш Қазақстан мен Қырғызстанға күштеп жер аударылған еді. Олардың 187 мыңы Солтүстік Қазақстан облысынан пана тапқан. Кеңес билігі Кавказ халықтарын еркінен тыс көшіруді "Чечевица операциясы" деп атады.

Пікірлер