Жүргізуші ереже бұзбаса да айыппұл келгенін айтқан соң жалған нөмір анықталды

409
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/g4Hf0xayh8EvBOVQK0m0ihaZyHIkX55VgpHc6JWX.webp

Семейде полиция қызметкерлері жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген автокөлікті анықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Атырау облысының тұрғыны өзі жол ережесін бұзбаса да айыппұлдар келе бастағанын хабарлаған. Абай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының іздестіру тобы жедел шаралар ұйымдастырып, 33 жастағы Семей тұрғынының басқа аймақ тұрғынына тиесілі нөмірді қолданғанын анықтаған. Ер адам BMW X5 автокөлігін басқа адамның мемлекеттік нөмірімен жүргізген. Нәтижесінде барлық айыппұлдар нөмірдің нақты иесіне келіп отырған.

«Полиция бұл әрекетті жол қауіпсіздігі мен тәртіпке тікелей қауіп төндіретін қасақана нөмір ауыстыру деп бағалады. Бұзушылық фактісі расталды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды, құжаттар белгіленген тәртіппен рәсімделді»,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, жалған мемлекеттік нөмірді қолданғаны үшін заң бойынша 15 АЕК көлемінде айыппұл, әкімшілік қамақ — 5 күнге дейін және көлік басқару құқығынан 1 жылға айыру жазасы қарастырылған.

«Мемлекеттік нөмір — "қосалқы бөлшек" емес, ол көліктің заңды идентификаторы. Жеке бұзушыны жасыру немесе жауапкершілікті басқа адамға аудару әрекеттері анықталады, және кінәлілерге заңда көзделген шаралар қолданылатын болады»,-деп толықтырды ПД.

Пікірлер