Жаңаөзенде Mercedes маркалы автокөліктің жүргізушісі жаяу жүргіншіге лас су шашқаны үшін 86 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Оқиға 2025 жылғы 28 желтоқсанда Бостандық шағынауданында болды. Сот материалдарына сәйкес, азамат Е. автокөлікті басқару кезінде азаматша Г.-ға лас су шашқан. Бұл әрекет қоғамдық тәртіпті бұзу және қоғамдық орында өзгелерге сыйластық танытпау деп танылды.
Сот отырысында жүргізуші кінәсін мойындап, өкінетінін айтып, айыппұл салуды өтінді. Оның кінәсін зардап шеккеннің айғақтары, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, фотоматериалдар және басқа дәлелдер растады.
Сот азамат Е.-ні ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, айыппұл салу туралы шешім қабылдады. Шешім заңды күшіне енді.