Мәскеусіз православ шіркеуін құруға талпынған дінбасы ұсталды

97
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/P31S07O6aQygGspn98DSspwVxNhjimHFkZBZ2oSI.jpg

Алматыда бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Полиция мәліметінше, қаланың тергеу басқармасы есірткі заттарын тұтыну үшін притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

«Күдік бойынша 1986 жылы туған ер адам ұсталды. Тінту шаралары барысында ұнтақ тәрізді заттар тәркіленді. Медициналық куәландыру оның есірткі заттарын қолданғанын растады», – деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта іс бойынша кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп, құқыққа қарсы әрекетке қатысы бар барлық тұлғалар мен мән-жайлар анықталуда.

Воронцовтың адвокаты Ғалым Нұрпейісов өз кезегінде қорғауындағы адамға қылмыстық тергеу аясында ешқандай айып тағылмағанын мәлімдеді.

«Иаков Воронцовқа қатысты тінту жүргізілді. Түнгі уақытта процедуралық талаптар бұзылып, оның қанынан есірткі заттары мен алкогольдің бар-жоғын анықтау үшін медициналық сараптама жасалды. Нәтижесінде талдаулардан каннабис іздері табылған. Соның негізінде оған есірткі заттарын медициналық мақсатсыз қолдану бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Алайда қорғауымдағы азамат сараптама қорытындысын жоққа шығарады», – деді Нұрпейісов.

Оның айтуынша, бүгін, 13 ақпанда, сот отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша Воронцовқа 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.

Айта кетсек, дін қызметкері 2022 жылдың ақпан айында соғысқа қарсы ұстанымын ашық білдіріп, Украинадағы бейбітшілікке шақырған ашық хатқа қол қойған шамамен 292 православие дін қызметкерінің қатарына қосылғаннан кейін танымал болды.

2023 жылы ол қызметінен шеттетілді, ал 2024 жылы дін қызметкері мәртебесінен айырылған еді.

Сондай-ақ 2024 жылы Воронцовқа қатысты Қылмыстық кодекстің 141-бабы («Ұлтаралық араздықты қоздыру») бойынша қылмыстық іс қозғалған, алайда кейіннен қылмыс құрамы болмағандықтан тергеу тоқтатылды.

Бұған дейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовтың қалалық әділет департаменті мен Қазақстанның Әділет министрлігіне қарсы берген талап-арызын өндіріске қабылдағанын хабарладық.

Талапкер мемлекеттік тіркеуден бас тартуды заңсыз деп тануды, сондай-ақ жауапкерлерді діни бірлестікті тіркеуге міндеттеуді сұрап отыр. Құжаттың өзге егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

Бірнеше жыл бұрын Воронцов Қазақстанда Орыс православ шіркеуінің Мәскеу патриархатына бағынбайтын дербес православ шіркеуін құруға әрекеттенген. Ол Әділет министрлігіне екі рет құжат тапсырғанымен, екі мәрте де тіркеуден бас тартылған.

Пікірлер