Қазақстандықтар Burger King-ке бойкот жариялап жатыр

150
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VfFYT8B2lz5evECjPhfeYjVlhJJENK9jTw98TsLM.webp

Қазақстандағы Burger King жылдам тамақтану желісінің айналасында дау туындады. Әлеуметтік желі қолданушылары брендті жаппай сынға алып, мекемелер туралы жағымсыз пікірлер қалдыра бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Талқылау жеке еңбек дауы шеңберінен шығып, инклюзия, корпоративтік мәдениет және қызметкерлерге деген көзқарас мәселелерін қамтыды.

Талқылауға Threads әлеуметтік желісінде аутизм мәселелері бойынша сарапшы әрі әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратайдың жазбасы түрткі болды. Ол ұлы Әлібектің – желідегі мейрамханалардың бірінде жұмыс істейтін қызметкердің жағдайы туралы баяндады. Оның айтуынша, аутизм спектріндегі бұзылысы бар жас жігіт шамамен төрт жыл аспаз болып еңбек еткен, ұжыммен жақсы қарым-қатынаста болған, қосымша жұмысқа қалған және еңбек кестесі мен демалысын жоспарлап жүрген. Автордың айтуынша, бұрын компанияда қолдаушы орта қалыптасқан, алайда басшылық ауысқаннан кейін жағдай өзгерген.

Қаратайдың сөзінше, күзден бастап ұлы жұмыс барысында қиындықтарға тап болған. Бұған дейін еш мәселе болмағандықтан, бұл отбасы үшін күтпеген жағдай.

«Күзден бері тыныш қысым басталды, Әлібек бұрынғыдай емес еді. Біз не болып жатқанын білмедік, кейін оны жұмыстан өз еркімен кетуге мәжбүрлеп жатқанын естідік», – делінген жазбада.

Автор жаңа басшымен жеке сөйлесу әрекеті нәтиже бермегенін және жағдайды инклюзивті ортада жұмыс істеу тәжірибесінің жоқтығымен байланыстырғанын айтты.

«Қазір өзімді қолға алып жатырмын, Әлібектің адамдарға деген сенімін қайта қалыптастырып жатырмыз», – деп жазды ол.

Жазба әлеуметтік желілерде кең таралып, резонанс тудырды. Кейін Қаратайдың айтуынша, оған компанияның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері хабарласып, еңбек құқықтарының бұзылуы және жаңа менеджмент тарапынан қысым көрсетуі мүмкін екені туралы мәліметтер жолдаған.

Қаратай бұрынғы қызметкер ретінде таныстырған адаммен жазысқан хаттарының скриншоттарын жариялады. Онда ұжымдағы өзгерістер жаңа басшылық тағайындалғаннан кейін басталғаны айтылған. Жазба авторының сөзінше, бұған дейін ұжым мен жұмысқа қатысты шағым болмаған, алайда ішкі өзгерістерден кейін жұмыстан кетуге шешім қабылдаған.

Хат алмасуда кейбір қызметкерлер басқару стилін менмен деп қабылдағаны, сондай-ақ жаңа менеджмент пен қатардағы қызметкерлер арасындағы еңбек жағдайы мен жалақы айырмашылығы назар аудартқаны айтылған. Жалақы мен еңбек шарттарындағы айырмашылықтар туралы ақпарат ұжым ішінде тез тарап, наразылық туғызғаны да жазылған.

Сондай-ақ ішкі коммуникация негізінен орыс тілінде жүргізілгені айтылып, бұл кей қызметкерлер арасында қосымша шиеленіс тудырғаны көрсетілген. Бұдан бөлек, менеджерлердің бірінің жұбайы мейрамханада қазақстандықтарға қатысты қорлайтын мазмұндағы жапсырма орналастырғаны туралы мәлімдеме бар. Хабарлама авторының айтуынша, бұл жағдайды жария ету әрекетінен кейін кей қызметкерлерге қысым жасалып, жазбалар өшірілген.

Қаратайдың пікірінше, егер бұл деректер расталса, мәселе жекелеген оқиға емес, жүйелі сипатқа ие болуы мүмкін. Ол алынған ақпаратты құқықтық баға беру үшін уәкілетті органдарға жолдау ниеті барын мәлімдеді.

Журналист Азамат Ерғалиевтің Facebook-тегі жазбасы да жағдайға қосымша назар аудартты. Оның бағалауынша, бұл мәселе ішкі еңбек дауы деңгейінен шығып, қоғамдық талқылауға ұласқан. Компания тарапынан жедел әрі ашық реакцияның болмауы талқылау толқынын күшейткен.

Оқиғалар аясында пайдаланушылар 2GIS және басқа да бағалау сервистерінде жаппай пікір қалдырып, кей филиалдардың рейтингі төмендеген. Пікірлерде жергілікті қызметкерлерге көзқарас, корпоративтік этика және жұмыс орнындағы инклюзивті орта мәселелері кеңінен талқыланған.

Кейін Burger King Kazakhstan ресми мәлімдеме жасап, компания барлық қызметкерлер үшін бірдей сапа, қауіпсіздік және ішкі регламент стандарттарын сақтауға міндетті екенін хабарлады. Басқарушылық шешімдер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы аясында қабылданатыны айтылды. Компанияның мәлімдеуінше, жағдай біртіндеп дамыған және жұмыс талқылауларымен, кері байланыспен және мәселені ұжым ішінде реттеу әрекеттерімен қатар жүрген.

Сондай-ақ аумақтық басқарушы қатардағы қызметкерлердің тікелей жетекшісі емес екені және жұмыстан шығару туралы шешім қабылдамайтыны атап өтілді. Компания тарапынан қысым немесе кемсітушілік болғаны туралы ақпарат расталмайтыны мәлімделді. Burger King қызметкердің отбасымен конструктивті диалогқа дайын екенін және ресми форматта қайта кездесу мүмкіндігін қарастыруға әзір екенін жеткізді.

«Біз үшін өзара құрметті сақтау және расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеу маңызды. Burger King – ерекшелігіне, шыққан тегіне немесе өмірлік жағдайына қарамастан, өз қызметкерлері мен қонақтарын бағалайтын компания», – делінген мәлімдемеде.

Жарияланған сәтте әлеуметтік желілерде айтылған еңбек заңнамасының бұзылуы немесе өзге де деректер ресми түрде расталмаған, мемлекеттік органдар тарапынан тексеріс басталғаны туралы ақпарат жарияланбаған.

Айта кетсек, Қазақстанда BURGER KING бренді 2012 жылдың мамыр айында «QSR» ЖШС компаниясы арқылы канадалық инвестициялық холдинг — Restaurant Brands International (RBI) концернінің франшизасы негізінде ашылған.

pk.adata.kz дерегінше, «QSR» ЖШС құрылтайшылары — HOLTEN ENTERPRISE LTD және HOLTEN GROUP CORP компаниялары.

Пікірлер