Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілерде кең талқыланған Burger King желісіне қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Аутизмі бар қызметкер Әлібек Қаратайдың анасы Жанат Қаратай жаңа аймақтық басшы ұлын жұмыстан кетуге мәжбүрледі деп мәлімдеген. Осыдан кейін қазақстандықтар әлеуметтік желілерде отбасын қолдап, фастфуд желісіне қарсы пікірлер жазып, бойкот жариялай бастаған.
Министрлік мәліметінше, жағдай бақылауға алынған. Қызметтік тексеріс кезеңінде компания басшыларының бірі уақытша қызметінен шеттетілген.
Министрлік өкілдері Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне барғанын хабарлады. Сонымен қатар қызметкердің әкесімен телефон арқылы сөйлесіп, еңбек заңнамасына сәйкес шағым беру тәртібі мен кепілдіктер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Жанжал әлеуметтік кәсіпкер, аутизм мәселелері бойынша сарапшы Жанат Қаратайдың әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін басталған. Оның айтуынша, ұлы шамамен төрт жыл аспаз болып жұмыс істеген, алайда басшылық ауысқаннан кейін оған қатысты қысым байқалған. Жазба тез таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырған.
Өз кезегінде компания өкілдері ерекше қажеттілігі бар қызметкерді жұмыстан шығармағанын, еңбек шартын бұзу туралы өтінішті анасы бергенін мәлімдеді. Сонымен қатар компания Әлібекті желідегі басқа мейрамханаға ауыстыру нұсқасын ұсынғанын айтқан. Алайда Жанат Қаратай бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, жағдай ушығып кеткен соң отбасы сотқа жүгінуге шешім қабылдаған.