Қазақстандағы Burger King мейрамханалар желісі екі шетелдік басшыны жұмыстан босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Компания әлеуметтік желілерде ресми мәлімдеме жариялап, ішкі тексеріс нәтижесінде аумақтық менеджерлер Сергей мен Анастасияның қызметтен босатылғанын мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл шешім қызметкерлердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетке жол бермеу қағидатына негізделген.
Burger King желісінің қазақстандық бөлімшесі кемсіту, құрметтемеу немесе азаматтардың абыройына тиетін сөздерге қарсы екенін атап өтті. Сонымен қатар ішкі тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатқаны хабарланды.
Компания мәліметінше, қазіргі уақытта барлық дерек жан-жақты тексеріліп, команда ішіндегі жұмыс процесі мен өзара қарым-қатынас қосымша талдануда. Компания қызметкерлерді жұмысқа қабылдау мен кадр саясаты кезінде тең мүмкіндік пен инклюзивтілік қағидаларын ұстанатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде аталған жағдайға байланысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Қолданушылардың бір бөлігі басшылық құрамда жергілікті мамандардың үлесін арттыру қажет екенін айтса, енді бірі қызметкерлер арасында тұрақты анонимді сауалнама жүргізуді ұсынды.
Даудың туындауына әлеуметтік желідегі жазба себеп болған. Онда әйел адам Burger King мейрамханаларының бірінде жұмыс істеген ұлының жағдайы туралы жазған. Оның айтуынша, жаңа басшылық келгеннен кейін қызметкердің психологиялық жағдайы өзгерген.
Компания ресми ұстанымында қызметкер жұмыстан шығарылмағанын және әлі де жұмыс орнында тіркелгенін мәлімдеді. Сонымен қатар еңбек қатынасын тоқтату туралы өтінішті қызметкердің өзі жазуы тиіс екені түсіндірілді.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, еңбек шартын тоқтату туралы өтінішті үшінші тұлға рәсімдей алмайды. Компания қызметкерге басқа филиалға ауысу сияқты балама нұсқалар ұсынылғанын да атап өтті.