Семей, Өскемен және Көкшетаудағы ЖЭО құрылысы қашан аяқталады?

211
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1CFR1N6hAV8NTFYsXB0HoKL26NPc0k9QY2Fjcdzl.jpg

Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Семей мен Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салу 2029 жылдың соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ал Көкшетау қаласындағы ЖЭО құрылысы 2029 жылдың ортасында аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұған дейін бұл нысандарды 2027 жылы іске қосу жоспарланған еді.

Жобаның тапсырыс берушісі ретінде Самұрық-Энерго анықталған. Вице-министрдің айтуынша, 2026 жылдың сәуір айында үш алаңда да геодезиялық және басқа да дайындық жұмыстары басталуы тиіс. Көкшетауда мұндай жұмыстар өткен жылы басталған.

2025 жылғы 15 шілдеде «Көкшетау ЖЭО» компаниясы қытайлық компаниялармен жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу, жабдықтар мен материалдар жеткізу бойынша жалпы сомасы 356,3 млрд теңгеге келісімшарттар жасаған. Бұған дейін компания ресейлік Интер РАО Экспорт ұйымымен жұмыс істеген, алайда 2025 жылғы маусымда бұл келісім тоқтатылған.

Жобаны қаржыландыру Самұрық-Қазына қоры арқылы жылдық 16,5% мөлшерлемемен 10 жылға тартылады. Компания бұл инвестицияны электр энергиясын сату және қуат тарифтері арқылы өтеуді жоспарлап отыр.

Жаңа станцияларда өндірілетін жылу энергиясының өзіндік құны шамамен 5 мың теңгеге дейін, ал электр энергиясы 1 кВт/сағ үшін 15–16 теңге болады деп болжануда.

Семей ЖЭО-сының алдын ала құны 420 млрд теңге, ал Өскемендегі ЖЭО-2 жобасының құны шамамен 490 млрд теңге деп бағаланған.

Пікірлер