Рүстем Қарағойшин Мемлекет басшысының ұлттық компания қызметкерлерінің жұмысына қатысты айтқан сынына жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында кейбір ұлттық компанияларда қызметкерлердің жұмысқа жеткілікті деңгейде жүктелмейтіні туралы сын айтқан еді.
Президенттің айтуынша, жекелеген қызметкерлер нақты жұмыс істеудің орнына бос уақыт өткізіп, әлеуметтік желілерде пікірталасқа түсіп отырады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Самұрық-Қазына қоры мен ұлттық компаниялардың құрылымын қайта қарап, тиімділігін арттыру қажеттігін атап өткен.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер бұл мәселеге қатысты сұрақты холдинг басшысына жолдады. Рүстем Қарағойшиннің айтуынша, холдинг қызметкерлері тұрақты түрде жұмыс істейді және көп жағдайда қосымша уақыт жұмыс істеуге мәжбүр болады.
"Бәйтеректегі" біздің қызметкерлер үнемі жұмыста, кейде тіпті артық жұмыс істеп жатады. Бұл да олардың мойнына қосымша салмақ түсіреді. Мен қызметкерлеріміздің бір жерде кофе ішіп, әлдебір талқылаулар жүргізіп отырғанын көрмедім. Сондықтан мұндай жағдайды байқамадым", - деді Қарағойшин.