Назарбаев қайтадан өзін банкрот деп тану үшін сотқа жүгінді

141
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/aDnSisJkhXmwFmjYXQjRLLTySclc207JB5gnA0fO.jpg

Болат Назарбаевтың ұлы, кәсіпкер Нұрбол Назарбаев қайтадан өзін банкрот деп тану жөнінде өтініш берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

17 ақпанда сот өтінішті қабылдап, "сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы" азаматтық іс қозғаған. Қазіргі таңда ол мемлекетке кем дегенде 63 млрд теңге қарыз.

Істі сотқа дайындау аясында Нұрбол Назарбаев 2026 жылғы 3 наурызда сағат 15:10-да «әңгімелесуге» шақырылады. Іске үшінші тарап ретінде Алматы облысының Мемлекеттік кірістер департаменті тартылған.

Нұрбол Назарбаевтың атқарушылық өндіріс бойынша кемінде екі берешегі бар: 61 854 480 596теңге. Оның ішінде 55 млрд теңгені мемлекет кірісіне - арнайы қор есебіне аударылуға тиіс.

Нақтылап кетейік, арнайы мемлекеттік қор заңсыз алынған деп танылып, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен толықтырылады. Оған қаражатты активтерді қайтарумен айналысатын уәкілетті органдар, соттар, сондай-ақ, сот шешімдерін орындаған жеке және заңды тұлғалар аударады. Екінші берешек - 1,6 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік баж (ол да мемлекет кірісіне төленуі керек).

Жалпы қарызы 63,7 млрд теңгеге жетеді. Қарыз есептен шығарылуы үшін берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) көп болуы және борышкердің белгілі бір мүлкі болуы керек. Сот банкроттығының мәні мынадай: борышкердің қолындағы мүлік (пәтер, көлік, бизнес, құнды заттар және т.б.) сатылып, түскен қаражат кредиторларға қарыз көлеміне қарай бөлінеді. Егер мүлік жеткіліксіз болса, қарыз толық жабылмауы мүмкін.

Барлық бөлу рәсімі аяқталғаннан кейін сот адамды банкрот деп танып, қалған қарыздың қалдығын есептен шығара алады. Егер Назарбаев банкрот атанса, оған:

  • 5 жыл несие алуға тыйым салынады;
  • 3 жыл бойы қаржы жағдайы бақылауда болады;
  • қайта банкрот болуға тек 7 жылдан кейін құқылы болады.

Назарбаевтың банкроттыққа қатысты талпыныстары 2025 жылдың күзінен басталған. Былтыр қыркүйекте сот ұқсас істі қабылдағанымен, кейін қараусыз қалдырған.

"2025 жылғы 19 қарашадағы ұйғарыммен Назарбаев Нұрбол Болатұлының төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтініші қараусыз қалдырылды", - делінген соттың ресми сұрауға берген жауабында.

Ол бұл қаулыны жою үшін қайта шағымданғанымен, одан да бас тартылған. Демек, қазіргі өтініш - оның банкроттықты мойындатуға үшінші әрекеті.

Пікірлер