Әнші Qarakesek сотта кінәсін мойындады

96
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zIup60KZJIuZgRWaV5sZoIjlf6VIVX8TXd7AuYyc.webp

Ақтөбе қалалық сотында Омар Амантаев (Qarakesek лақап атымен танымал) өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ол Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі және 296-бабы 3-бөлігі бойынша сотталды.

Сот мәліметтері бойынша, 2025 жылғы 30 тамызда Амантаев есірткілік масаң күйде көлік басқарған және одан жалпы салмағы 0,26 грамм психотропты зат – мефедрон табылған. 4 қыркүйектегі сараптама ақ түсті заттың мефедрон екенін растады.

Сот отырысында Амантаев:

«Кінәмді толық мойындаймын, айыппен келісемін. Сату мақсаты болмады. Емделу керек болып жүр. Өкінемін. Айыппұл жазасын сұраймын», – деді.

Прокурор айыппұл тағайындауға негіз жоқ деп, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын ұсынды.

Сот шешімі бойынша, Омар Амантаев Қылмыстық кодекстің 296-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Жергілікті атқарушы орган оны тегін пайдалы жұмысқа бағыттайды, ал қоғамдық жұмысқа қатыспаған жағдайда 4 сағаты үшін 1 тәулікке қамаққа алынуы мүмкін.

Сонымен қатар, әнші психиатрлық емдеуден өтуі тиіс, ем амбулаториялық және мәжбүрлі түрде жүргізіледі.

Пікірлер