Тоқаевтың 7 трлн теңге аударым туралы мәлімдемесі рас – Ақорда

89
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sBKyhMcXUKPFi2AmHzlSTVOeUi5u4R0gwLwzaKzx.png

Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7 трлн теңге көлеміндегі қаражаттың «аударылуы» туралы мәлімдемесінің рас екенін растады. Бұл туралы президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров ҚазТАГ агенттігіне мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Смадияровтың айтуынша, мемлекет басшысы жалған ақпарат таратпайды.

“Егер ол 7 трлн теңге көлемінде транзакциялар (қаражат аудару) болғанын айтса, демек, солай болған. Негізі бұл ақпарат Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен кеңеске қатысушыларға арналған болатын. Мұны жалпы жұртшылықтың талқылауына салу ойында болмаған. Яғни, тек қызметтік сипатта айтылды деген дұрыс. Ал транзакцияларды өткізген банк әңгіменің қай банк жайында екенін біліп отыр. Президент саяси мақсат пен дипломатиялық протокол талаптарын ескере отырып, транзакциялық қаражаттың қай елден шыққанын, оның қандай мемлекетке кеткенін, сондай-ақ санкциялық режим белең алып тұрған жағдайда осындай әрекетке барған қай банк екенін де әдейі айтпады», - деді ол.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Тоқаевтың мәлімдемесіне күмән келтіріп, құқықбұзушылықтар анықталмағанын айтқан еді. Осы жағдай қоғамда жалған ақпарат үшін жауапкершілік мәселесіне қатысты пікірталасты күшеді.

Сондай-ақ, бүгін Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлов берген өтінішіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды.

Еске сала кетейік, 28 қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен кеңесте Тоқаев агенттік төрағасы Жанат Элимановтың баяндамасына сілтеме жасап, 2025 жылы іргелес мемлекеттен қазақстандық банктердің бірі арқылы шетелге 7 трлн теңгеден астам қаражат аударылғанын мәлімдеген. Осыған байланысты тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілген.

29 қаңтарда бірқатар банктер бұл схемаға қатысы жоқ екенін айтты. Кейін мұндай мәлімдеме жасаған қаржы ұйымдарының саны артты. 31 қаңтарда тексеру басталғаны белгілі болды, алайда нақты банк атауы жарияланған жоқ.

3 ақпанда ҚазТАГ сауал жолдаған банктердің басым бөлігі аталған операцияларға қатысы барын жоққа шығарды. 4 ақпанда мәжіліс депутаты Азат Перуашев 7 трлн теңге аударымына қатысты ақпараттың ашық көздерден алынып тасталғанын айтып, депутаттар әлі де нақты түсіндіру күтетінін мәлімдеген еді.

 

 

Пікірлер