Facebook желісіндегі жазба үшін 2,5 млн теңге талап еткендерге үкім шықты

93
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xuDGrI3Kd6WevYAR3Ew3IRZBSEkE9nYfG6vDDQSF.webp

Тараз қаласының №2 соты алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған қорқытып алу дерегі бойынша үш айыпталушыға қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың ақпан айында болған. Айыпталушылар Ж., А. және К. жәбірленуші Б.-дан 2,5 миллион теңге талап еткен. Олар бұл соманы Ж.-ның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған жазбаларды жою үшін сұраған.

Аталған жазбаларда жәбірленуші директор болып саналатын спорт кешені ғимаратының кемшіліктері көрсетілген. Сонымен қатар, айыпталушылар алдағы уақытта мұндай ақпарат таратпау үшін А. есімді әйелді жұмысқа қайта қабылдауды және комплаенс қызметінің қызметкері Г.-ны жұмыстан шығаруды талап еткен.

Жәбірленуші Б. қойылған талаптарға келісіп, сотталушы К.-ға 2,5 миллион теңге мен екі дана жылдық абонемент берген.

Сот үкімімен үш айыпталушы да Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ж.-ға үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал А. мен К.-ға үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер