Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Дмитрий Сомовқа қатысты тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Politico.kz сайтына сілтеп.
Биылғы жылдың ақпан айының ортасында депутаттың лауазымды тұлғаға пара берді деген күдікпен ұсталғаны жайлы ақпаратқа ҰҚК жауап берді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген Politico.kz-тің сауалына берген ресми жауапта.
Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұсталған депутаттың құрылтайшылығындағы «Востоквзрывпром» серіктестігін сотқа беріп, жұмыстарды аяқтауды және айыппұл өндіруді талап етіп жатыр. Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметінше, депутат пен оның жұбайы Елена Сомова басқаратын бұл компания облыстағы құрылыс пен коммуналдық салада ірі тендерлерді ұтып келген. Мәселен 2024 жылы аталған мекеме «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамымен республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге жалпы сомасы 24,3 миллиард теңгеден асатын бірнеше келісімшарт жасасқан. Келісімшарттардың басым бөлігінің мәртебесі әлі де күшінде болғанымен, нақты қай жоба бойынша дау туындағаны әзірге белгісіз.
Журналист Дмитрий Шишкин 2024 жылы Дмитрий Сомовтың 9 компанияның құрылтайшысы екенін және оның ең ірі мекемесі қомақты мемлекеттік тапсырыстар алатынын жазған болатын. Сонымен қатар Жемқорлықты зерттеу қор-бюросы Өскемендегі өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс саласындағы ірі тендерлер өзара үлестес «Востоквзрывпром» мен «Kurylys Group RK» серіктестіктері арасында ойнатылатынын анықтады. Бұл ұйымдар бәсекелестікті жою мақсатында бизнесті әдейі бөлшектеп, бір-біріне жалған қарсылас ретінде қатысуы арқылы құрылыс байқауларында жеңіске жетіп отырған. Екі компанияның басшылары Дмитрий Сомов пен Александр Андрейчук басқа да серіктестіктерде ортақ серіктес болып табылады.
Аталған компаниялардың жұмыс сапасы мен тапсырыстарды алу заңдылығына қатысты жергілікті жұртшылық бірнеше рет шағымданған. Бұған дейін «Топаз» компаниясының директоры Болат Бағадаев «Востоквзрывпром» серіктестігінде қажетті техника мен мамандардың жоқтығына қарамастан байқауларда жеңіске жететінін айтқан еді. Ұзаққа созылған сот процестерінің нәтижесінде бұл екі мекеме де әр жылдары мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылғанына қарамастан, репутациялық шығынға ұшырамай, ірі мемлекеттік жобаларды алуын тоқтатпаған.
Айта кетерлігі, жақында ғана осы өңірде облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың да ұсталғаны туралы ақпаратты ҰҚК растаған болатын