Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Амалбек Тшановтың інісі Жамалбек Бекдәулет халықаралық есірткі трафигін ұйымдастыру күдігімен ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың 8 қыркүйегінде Алматыдағы «Жетісу» кеден бекетінде Таиландтан келген пошта сәлемдемесі тексерілген. Тексеру барысында ерекше иісі бар сұйық зат анықталып, сараптама нәтижесінде оның каннабис экстракты – гашиш майы екені белгілі болған.
Құқық қорғау органдарының нұсқасына сәйкес, Жамалбек Бекдәулет есірткіні халықаралық пошта арқылы жеткізуді ұйымдастырған. Ол бұл әрекеттерді жүзеге асыру үшін делдалдарды және қылмыстық мақсаттан бейхабар үшінші тұлғаларды пайдаланған болуы мүмкін.
Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Оған контрабанда және есірткі айналымына қатысты айыптар тағу жоспарланып отыр.
Амалбек Тшанов – қоғам қайраткері, Шымкент (1992–1993) пен Жамбыл облысының әкімі (1995–1998), министр және парламент депутаты қызметтерін атқарған белгілі мемлекет қайраткері.