Қазақстанда Парламент таратылған жағдайда депутаттар үшін арнайы төлем тәртібі белгіленген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, депутаттар жаңа жұмысқа орналаса алмаса, олар тағы үш ай бойы толық жалақы алады.
Ведомство төлем депутат жаңа қызметке кіріскенге немесе зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жалғасатынын хабарлады. Дегенмен, мерзім үш айдан аспауы тиіс. Бұл норма «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы, 5-1-тармағында көрсетілген.
Осылайша, жаңа Парламент құрамына дейін бұрынғы депутаттар қаржылық тұрғыдан қолдаусыз қалмайды. Қазіргі депутаттардың өкілеттігі биыл 1 шілдеде аяқталады, ал жаңа Конституция жобасы қабылданса, 1 қыркүйектен бастап Құрылтай жұмысы басталады.