Бейбіт атом, жасанды интеллекті және ауыл шаруашылығы. Сербия басшысымен мәміле

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6PCfCBSWIQ19w4Ta5vaOY4vxpUGdtMSZ7Vh0OBHq.jpg

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич келіссөздерден кейін бірлескен брифинг өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мемлекет басшысы Сербия Президентінің ресми сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Тоқаев Сербияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде бағалап, екіжақты байланыстардың барлық бағытта дамып келе жатқанын айтты.

Президенттің айтуынша, осы уақыт ішінде елдер арасында сенімді саяси диалог қалыптасып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық нығайған. Қазақстанда бүгінде 60-қа жуық серб компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында тараптар сауда, көлік-логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды дамыту және сауда көлемін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Ауыл шаруашылығы саласында да нақты қадамдар қарастырылды. Сербиялық компанияның Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт салу жоспары екі ел арасындағы аграрлық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.

Тараптар бейбіт атом энергетикасы, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытында тәжірибе алмасуға дайын екендерін жеткізді. Сонымен қатар мәдениет, білім беру және туризм салаларындағы байланыстарды нығайтуға келісім жасалды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Президенттер халықаралық және өңірлік мәселелерді де талқылап, жаһандық тұрақсыздық жағдайында жанжалдарды дипломатиялық жолмен шешудің маңызын атап өтті. Олар Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын сақтау қажеттігін айтты.

Өз кезегінде Александр Вучич Қазақстанның экономикалық дамуына және көпвекторлы сыртқы саясатына жоғары баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін жеткізді. Ол сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді.

Пікірлер