Иранның Қазақстандағы елшісі ресми Астананың Тегеранға көңіл айтпағанына назар аудартты

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5AppDCsYaFh596C5RHqGp4Sf3tER5DnnqbhQuB9V.jpg

Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қарсы әскери әрекеттерді бастау туралы шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Дипломаттың сөзінше, қақтығыс өршігенге дейін тараптар белсенді келіссөз жүргізген және Иран америкалық тарапқа «қызық шешу жолдарын» ұсынған.

«Трамптың… оның кеңесшілері ақымақ. Оған сенімдімін. Мен соғыс бастауға мәжбүр еткен адамдар туралы айтып отырмын. Әрине, АҚШ-та тәжірибелі кеңесшілер бар, бірақ президент оларды тыңдаған жоқ»,- деді Джоукар.

Ол сондай-ақ тәжірибелі сарапшылар Иран жағдайының басқа қақтығыстардан, мысалы Венесуэладан айырмашылығын ескеріп, Иранмен мүмкін болатын соғыс ұзаққа созылуы мүмкін екенін ескерткенін айтты.

Елші Ирандағы әскери әрекеттер нәтижесінде мыңнан астам бейбіт тұрғын, оның ішінде балалар қаза тауып, мектептер мен ауруханалар зардап шеккенін атап өтті. Одан бөлек, дипломат қазіргі таңда Тегеран келіссөздерді қайта бастауға ниет білдірмейтінін мәлімдеді.

«Трамп Иран келіссөзге дайын деді, бірақ бұл Иранның ұстанымына сәйкес келмейді»,- деді ол.

Оның сөзінше, жағдайдың әрі қарай дамуы тек Тегеран мен Вашингтон позицияларына ғана емес, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен жаһандық саясаттың рөліне де байланысты болады.

Астанада өткен брифингте сөз сөйлеген елші Қазақстанды «дос әрі бауырлас ел» деп атады. Бірақ Қазақстан басшылығының Иранға көңіл айтпауын өзінше түсіндіруге тырысты. Ол соғыс әрекеті басталған мезгілге меңзеп, демалыс күндері болғандықтан, Қазақстан билігі көңіл айтуға мүмкіндік таппаған шығар деп топшылады.

Елші Парсы шығанағындағы мемлекеттер аумағындағы әскери нысандарға жасалған шабуылдарға да тоқталды. Оның айтуынша, әскери әрекеттер басталар алдында Иран ресми түрде ескерту жасаған.

– Парсы шығанағындағы Иран атқылаған базалар - АҚШ-қа тиесілі нысандар. Сондықтан олар шабуыл нысанасына айналды. Кейбір араб елдері Иранның осы базаларға соққы жасағанына наразылық білдіруде. Алайда шабуыл дәл осы базалардан басталғандықтан, Тегеран қорғаныс мақсатында жауап беруге мәжбүр болды, – деді дипломат.

Пікірлер