Аида Балаева: Жаңа Конституция жобасында зайырлылық нақты бекітілген

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6fRGWFP1aMZykJvZEPe27Oz5BUFIk57JoF9eFtDY.jpg

Жаңа Конституция жобасында Қазақстанның зайырлы сипатын айқындайтын норма енгізілгені туралы мәлімдеме жасалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады.

Оның айтуынша, қолданыстағы Конституцияда мемлекет демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік деп көрсетілген болса, жаңа жоба бұл қағидатты дербес және ауқымды түрде бекітеді.

«Зайырлы мемлекет дінді жоққа шығармайды. Жаңа 7-баптың 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деп нақты көрсетілген. Мемлекеттік саясат заңға негізделеді, ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті деп саналмайды. Азаматтардың барлығы өз дініне қарамастан тең құқылы», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар, елімізде діни бірлестіктердің қызметін, құқығы мен жауапкершілігін реттейтін жеке заң қабылданбақ. Жобаға енгізілген жаңа бапта «Діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және конституциялық құрылыс негіздерін, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін» делінген.

Пікірлер