Семейдегі ойын-сауық орталықтарының бірінде ірі өрт тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан оқиға кезінде келушілердің, оның ішінде балалардың да сырт киімсіз ғимараттан жедел түрде эвакуацияланғаны көрінеді. Оқиға аязды күні болғандықтан, бұл жағдай тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде ғимарат толықтай ашық жалынға оранған. Өрттің күшеюі салдарынан шатырдың бір бөлігі құлаған.
Алдын ала ақпарат бойынша, адамдар ғимараттан өз бетінше шығып үлгерген. Зардап шеккендер туралы нақты мәлімет әзірге жарияланған жоқ.
Құтқарушылардың айтуынша, өртті сөндіру жұмыстары жоғары өрт жүктемесі мен қою түтінге байланысты күрделеніп отыр. Қазіргі уақытта өртті ауыздықтау үшін периметр бойынша су шашыратқыштар орнатылып, биік техникалардың көмегімен су беру жұмыстары жүргізілуде.
Оқиға орнында жедел штаб құрылып, судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілген. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.