Әзербайжан Ресей өкілінің мәлімдемесіне түсініктеме күтуде

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/veKLBb9Aki255dYFz1475FEbcb9llSw7dfFSXCrA.jpg

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде Ресей тарапынан ресми түсініктеме күтетінін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме Ресей СІМ-інің өкілі Мария Захарова соңғы брифинг кезінде айтқан сөздеріне байланысты жасалды, деп хабарлайды “Адырна”.

Әзербайжан СІМ-інің хабарлауынша, Захарова брифинг барысында Армения премьер-министрі Никол Пашинян діни қызметкерлер туралы пікіріне жауап бере отырып, тақырыпқа қатысы жоқ түрде Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алиевтің есімін атаған. Әзербайжан тарапы мұны орынсыз әрі қабылдауға болмайтын қадам ретінде бағалады.

«Жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің есімін мұндай контексте атау – оның мұрасына және әзербайжан халқына деген құрметсіздік. Мұндай мәлімдемелер ресми өкілден күтілетін стандарттарға сәйкес келмейді. Дипломатия тәртіптілікті, дәлдікті және жауапкершілікті талап етеді, ал шиеленісті күшейтіп, сенімге нұқсан келтіруі мүмкін негізсіз мәлімдемелерді емес. Біз ресейлік тараптан осы мәлімдемеге қатысты түсініктеме күтеміз», — деді Гаджизаде.

Пікірлер