Әлемге танымал мотиватор Брайан Трейси 82 жасында дүниеден өтті

313
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AM2kTYjrxB87HVO4caiz0zwVp1kAHfDTYOjS6Itc.jpg

Фото: Rus.team

Әлемге танымал мотивациялық спикер, жазушы әрі кәсіпкер Брайан Трейси 12 қараша күні 82 жасында өмірден өтті. Ол жеке даму, көшбасшылық, уақытты тиімді пайдалану және мақсатқа жету тақырыптарындағы еңбектерімен кеңінен танылған.

Брайан Трейси Канаданың Шарлоттаун қаласында дүниеге келген. Қаржылық қиындықтарды бастан өткерген отбасында өскен ол мектепті толық аяқтамай, еңбекке ерте араласқан. Жастық шағында ағаш өңдеу кәсіпорындарында, фермалар мен құрылыс алаңдарында жұмыс істеп, жүк кемесінде теңізші болған.

Өміріндегі осы тәжірибелер оның адам мүмкіндіктері мен жетістікке жету жолдарын зерттеуге деген қызығушылығын арттырды. Кейін бұл қызығушылық кәсіби қызметіне айналып, ол жеке және кәсіби даму саласында танымал сарапшылардың бірі болды.

Трейси Brian Tracy International компаниясы арқылы жеке тұлғалар мен ұйымдарға көшбасшылық, сату, мақсат қою, еңбек өнімділігі және өзін-өзі дамыту бағыттарында кеңес берді. Ол әлемнің түрлі елдерінде дәрістер оқып, 80-нен астам кітап жазды.

Жазушының ең танымал еңбектерінің бірі – 2001 жылы жарық көрген «Eat That Frog!» («Бақаны жеп қой!») кітабы. Онда автор ең маңызды әрі орындау қиын тапсырманы кейінге қалдырмай, алдымен аяқтауға кеңес береді. Еңбекте уақытты басқару, міндеттерді басымдықтарына қарай бөлу және жұмысты тиімді ұйымдастыру тәсілдері қамтылған.

Брайан Трейси өз еңбектерінде нақты мақсат қою, уақытты тиімді пайдалану, жеке шешімдер үшін жауапкершілік алу және бастаған істі соңына дейін жеткізудің маңызын үнемі атап өтті. Оның пайымдауынша, адамның жетістігі тек қабілеті мен жағдайына емес, күнделікті әдеттері мен қабылдайтын шешімдеріне де байланысты.

Мотивациялық спикердің өмірлік ұстанымын білдіретін қанатты сөздерінің бірі: «Қай жерден шыққаның маңызды емес. Ең бастысы – қайда бара жатқаның». Ол адамның бастапқы жағдайы болашағын толық айқындамайтынын, ал білім алу, қиындықтарды еңсеру және жүйелі әрекет ету өмір бағытын өзгерте алатынын насихаттады.

Брайан Трейсидің артында жұбайы Барбара мен төрт баласы қалды.

Пікірлер