Каспийдің ар жағында не болып жатыр? Трамп Иран энергетикасын соққылауды тағы 10 күнге шегерді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nEZiYoJqcnmr6FhEYBjfqr4P2yOG7DX5WT2Nqd8b.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасауды тағы 10 күнге шегеру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім Иран үкіметінің өтініші бойынша қабылданған. Алайда Тегеран мұндай өтініш жасағанын жоққа шығарып отыр.

«Иран үкіметінің өтініші бойынша  электр станцияларына соққы жасауды 10 күнге, яғни 2026 жылғы 6 сәуір, дүйсенбі күні шығыс уақытымен 20:00-ге дейін тоқтата тұрамын. Келіссөздер жалғасып жатыр», - деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

Өткен демалыс күндері Трамп егер Тегеран 48 сағат ішінде Ормуз бұғазын ашпаса, ирандық электр станцияларын «жойып жіберемін» деп қоқан-лоқы жасаған болатын. Бұған жауап ретінде Иран билігі бұғазды кеме қатынасы үшін толық жабатынын мәлімдеді.

Дүйсенбі күні Трамп АҚШ пен Иран соғысты аяқтау жөнінде «өнімді келіссөздер» жүргізіп жатқанын айтып, Иран энергетикасына соққыларды бес күнге тоқтатуға бұйрық бергенін жеткізді.

Сәрсенбі күні АҚШ Иранға қақтығысты тоқтату үшін ұсынылған 15 шарттан тұратын тізімді жолдағаны белгілі болды. Алайда Тегеран бұл шарттарды қабылдамай, оның орнына бес тармақтан тұратын өз жоспарын ұсынған.

Қазіргі уақытта АҚШ-тың Иранда нақты кіммен келіссөз жүргізіп жатқаны белгісіз. Бұған дейін Трамп ирандық ресми тұлғалар келіссөздер жүріп жатқанын өз отандастары тарапынан өлтірілу қаупінен қорқып, жоққа шығарып отырғанын айтқан.

«Олар келіссөз жүргізіп жатыр және келісімге келгісі келеді. Бірақ бұл туралы айтуға қорқады, өйткені өз елінде оларды өлтіреді деп ойлайды. Сонымен қатар, біз өлтіруіміз мүмкін деп те қорқады», - деді ол журналистерге.

Трамп соққылардың кейінге шегерілгенін жариялағаннан кейін көп ұзамай әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендей бастады. Алайда бейсенбі күні баға қайта өсе түсті. Бұл соғыстың жалғасуы мұнай тапшылығын ушықтыруы мүмкін деген алаңдаушылықты көрсетті.

Пікірлер