Каспий, Тобыл және Ертіс жағасында. Үшінші АЭС-тің ықтимал мекендері аталды

247
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8WPLbqn5Ec920QBSOBCHVRP33MeHbxiRlmVMBy6a.jpg

Фото ЖИ-мен жасалған

Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салу үшін Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі бірнеше әлеуетті алаң зерттеліп жатыр, деп хабарлайды “Адырна”. 

Бұл туралы атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Оның сөзінше, елімізде кемінде үш атом электр станциясын салу жоспарда бар. Алғашқы екі станцияны Алматы облысының Жамбыл ауданында орналастыру көзделген. Геологиялық, гидрологиялық және басқа да зерттеулердің алдын ала қорытындысы бойынша, бұл аумақ қолайлы деп танылған.

Ал үшінші АЭС-тің ықтимал орналасу орындарының қатарында Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы, Каспий теңізінің жағалауы және Солтүстік Қазақстандағы аумақтар бар.

«Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласын, Батыс Қазақстандағы Каспий теңізінің жағалауын зерттеп жатырмыз. Сондай-ақ KEGOC жүйелік операторының ұсынысы бойынша Солтүстік Қазақстандағы алаңды қарастырамыз. Әңгіме Тобыл өзені бойындағы, салқындатуға қажетті су қоры жеткілікті аумақ туралы болып отыр», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Агенттік төрағасының сөзінше, болашақ станцияның орнын анықтау кезінде электр энергиясын тұтыну көлемінің өсуі және орташа қуатты реакторларды пайдалану мүмкіндігі ескеріледі. Мұндай реакторлар электр энергиясымен қатар жылу өндіруге, ал кейбір жағдайда суды тұщы етуге де мүмкіндік береді.

Үшінші АЭС салуға ұсынылған барлық аумақ атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңдерінде жан-жақты зерттеледі.

Пікірлер