Ұсталған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан туралы жаңа дерек тарады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vc7aleu4QFoSNQyJafo6zjZ99XHvdnUwezoPbAeM.webp

Полиция танымал заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан туралы жаңа ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Полиция мәліметінше, азамат М.-ға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алматы полиция департаменті редакцияға Әділетхан Молдаханның бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын растады.

Ведомствоның дерегінше, ол адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған тонау қылмысы үшін кінәлі деп танылған. Оқиға 2023 жылдың наурыз айында болған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер тұрғын үй сатып алу үшін ірі көлемде ақша алып жүрген азаматты аңдып, оның көлігін әдейі тоқтатқан. Кейін күш қолданып, ақшаны ашық түрде иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Сот үкімімен оған пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Полиция Әділетхан Молдахан бұған дейін ішкі істер органдарында қызмет еткенін хабарлады. Алайда ол белгілі себептермен жұмыстан шығарылған. Ведомство өкілдері оның әрекеттері полиция қызметкерінің абыройына нұқсан келтіргенін атап өтті.

Әділетхан Молдахан құқық саласында жұмыс істейтін заңгер ретінде белгілі. Ол қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша қызмет көрсетіп, әлеуметтік желілерде де кеңінен танылған.

Instagram желісіндегі парақшасына шамамен 1 миллионға жуық адам жазылған. Ол резонансты оқиғаларға пікір білдіріп, құқықтық мәселелерді жиі талқылап келген.

Соңғы уақытта оның есімі Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына байланысты жиі аталып жүрген еді.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, блогердің ұсталуына оның әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны себеп болған. Атап айтқанда, ол жол апаты туралы қоғамда резонанс тудырған мәлімдемелер жасаған.

Пікірлер