Таяу Шығыстағы шиеленіс. Трамп соғыс қашан аяқталатынын айтты

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/a7yWxEX8UVRw6HM31YHdACxFLEB5etINO1fsnjdu.jpg

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы «алдағы 2–3 апта ішінде» аяқталуы мүмкін. Бұл туралы Ақ үй басшысы Дональд Трамп 1 сәуірге қараған түні Ақ үйде журналистермен сөйлесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Трамптың айтуынша, Тегеранмен келісім жасалмаса да, Иранға қарсы шабуылдар тоқтатылады.

«Олардың режимі өзгерді. Бұл жоспарымда болған емес. Мен олардың ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеуді қаладым және бұл мақсат орындалды. Біз жұмысты аяқтап жатырмыз. Менің ойымша, бұл екі аптаға созылады, мүмкін, тағы бірнеше күнге ұзарар. Бірақ біз олардың қолындағының бәрін жойғымыз келеді», — деді Ақ үй басшысы.

АҚШ президенті келісімге қол жеткізілсе, соғыс бұдан да ертерек аяқталуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Иран билігі да мұны «қалайды». Алайда Трамптың пікірінше, келісімнің жасалуы немесе жасалмауы айтарлықтай маңызды емес. 

Оның айтуынша, америкалық және израильдік шабуылдар басталғаннан кейін Иран ұйымдастырған Ормуз бұғазы арқылы, әсіресе еуропалық кемелер үшін енгізілген блокада басқа елдердің мәселесі болуы тиіс.

«Егер Франция немесе кез келген басқа ел мұнай не газ алғысы келсе, олар Ормуз бұғазы арқылы өтіп, өз мәселесін өзі шешсін. Бұғаздағы жағдай бізге қатысы жоқ», — деді ол.

АҚШ президенті Таяу Шығыстағы соғыс пен Ормуз бұғазының жабылуына байланысты мұнай бағасының 50%-ға күрт өсуіне де пікір білдірді. Трамптың айтуынша, АҚШ Иранға жасалатын шабуылдарды «өте жақын арада» тоқтатқан соң бағалар күрт төмендейді.

Пікірлер