1 сәуір Күлкі күніне байланысты қазақ әдебиеті қайраткерлерінен қалған қалжың, қағытпа әңгімелердің бір тобын ұсынамыз.
ТӨТЕ ЖАУАП
Белгілі сатирик Жүсіп Алтайбаев біраз уақыт жүмыссыз жүріп қалады. Бұрын басшы қызметтерде істеген Жүсекең Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөліміне барады. Жағдайын айтады, жұмыс сүрайды. Бөлім меңгерушісі:
– Облыстық газетке редактор болып Ақтөбеге барыңыз, - дейді.
Жүсекең көнбейді.
Бөлім меңгерушісі:
– Онда Ақмолаға қалайсыз? - дейді.
Сонда Жүсекең:
– Төбеңе бармай отырғанда, молаңа барады дейсің бе? - деген екен.
ОСПАНХАННЫҢ МОНОЛОГЫ
Белгілі сатирик-ақын Оспанхан Әубәкіров кезінде консерваторияның актерлік факультетін бітірген ғой. Осы оқу орнын бітірерде дипломдық спектакль «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» болады да, Оспанханға Жантық ролі тапсырылады.
Оспанхан Жантық ролін өзінше ойнағаны сонша, екіұдай пікір ду ете қалады. Бір жағы «Оспанханнан мүлде артист шықпайды» десе, екіншілері «өзіндік ойын өрнегі бар тамаша актер болады» деседі. Дау өрши келе алдымен факультеттік, соңынан кафедра, деканат қатыстырылған жалпы жиналыста қаралады. Онда да пәтуаға келе алмаған даушылар ректорат пен мемлекеттік комиссияға тіреледі. Соңғы сынақ Оспанханға «бес» деген баға береді. Сонда Оспанхан:
Ойнаймыз деп Жантықты,
Қалмады ғой жан тіпті.
Оспан артист болмас деп,
Кейбіреулер тантыпты,- деген екен.
«АРҒЫ АТАСЫ АРАБ ҚОЙ...»
Драматург Қалтай Мұхаметжанов бірде араб елдерінің бірінен келген бір топ жазушыларға Алматыны аралатады, қаланы тамашалап шаршаған діндар арабтар «енді мештке барсақ » деген тілек айтады, Қонақтың, оның үстіне шет жұрттық қонақтың меселін қайтаруға болмайды. Қалекең Қазақстанадағы маңдайға басқан жалғыз Мешіттің көрер көзге қораштығынан қысылса да, амалсыз апаруға мәжбүр болады.
Құдай үйінің көркіне көңілдері тола қоймаған арабтар сыртқа шыға бере:
– Осы мешіт тұрған көшенің аты қалай ?- деп сұрайды .
– Пушкин көшесі, - дейді Қалекең.
– Жалғыз мешіттеріңізді кәпірдің атындағы көшеге салдырғандарыңыз қалай?-деседі мұны ерсі көрген арабтар дипломатиялық биязылықты қоя тұрып.
Сонда Қалекең жұлып алғандай:
– Пушкиннің арғы атасы араб қой, соны меңзеп мешіт тұрған көшеге әдейі Пушкин атын бергенбіз,- деген екен.
«СОНАУ СТАЛИННІҢ ТІРІ КЕЗІНЕН БАСТАҒАН...»
Қалалық комитеттің жиналысында ма, әлде сол кездегі қалалық атқару комитетінде ме, қысқасы әркім мұң-мұқтажын айтатын бір жиналыста жұрттың бәрі айтатындарын айтып жатады. Бір кезде Қалағаң да ел қатарлы сөз сұрап төрге озады. Сондағы Қалағаңның айтқан сөзі мынау болады:
– Мына біздің Қажытайдың үйі жоқ. Сол үйім жоқ деп арыз жазғалы да бәленбай жыл болды. Ол үй сұрап арыз жазуды сонау Сталиннің тірі кезінен бастаған, - депті де мінберден түсіп жүре беріпті.
Сөз сұрап бар айтқаны сол болады. Қалағаң кайтып келіп орнына отырғанынша ел қыран-топан күлкіге көміледі. «Соның нәтижесі ақырында осы Қажытайға үй болып оралған болатын», - дейді соны естіген бір мырза.
«ШҮМЕК ЖАСАП БЕРЕР ЕДІК»
Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің Үржардағы 70 жылдық мерейтойына Қажытай Ілиясұлы да бірге барады. Тойдан кейін аудан әкімі Қабдеш бастаған Алматыдан келген қонақтарды шығарып салып, Үржардың шыға берісіне дастархан жайып, құрмет көрсетеді.
Мерей тойының көңілді өткеніне риза болған Қабдеш аға, тойды ұйымдастырып, өзіне құрмет көрсеткен аудан әкіміне, атқа мінер азаматтарға рахметін айта келіп, үлкен тебіреніспен Барқытбелдің көркем табиғатына тамсана қарап тұрып:
– Шіркін, осы өлкеде осы қалпымда, қайтадан дүниеге келсем, әлі де қыруар шаруаны тындырар едім ғой, - депті.
Осы кезде Қабдеш ағаның сөзін іліп ала жөнелген Қажекең:
– Рас айтасыз, Қабеке, егер осы қалпыңызда, осы өңірде дүниеге келсеңіз, онда сізге түйенің ортан жілігінен шүмек жасап берер едік, - деген екен.
ОСПАНХАННЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ
Бірде атақты сықақшы Оспанхан Әубәкіровтің Арал ауданына жолы түсіпті. Сонда аудан орталығындағы №83 орта мектептің мүғалімі Бимұрат Үсенов ақынға жолығып:
– Осеке, сізді көрем деген ойымда жоқ еді. Айып етпе сеңіз, қолтаңбаңызды мынаған қойып берсеңіз, үйдегі кітабыңызға апарып жапсырып қояр едім, - деп, қойын дәптерінен бір бет қағаз жыртып алып ұсынады.
Осекең «жапсырып» деген сөзді үнатпай қалса керек.
– Атың кім? - деп сұрапты қаламын ыңғайлап.
– Бимұрат.
Сықақшы ақын жапырақтай қағазға әлдене жазып, Бимұратқа ұсына салыпты.
Бимұрат былайырақ шығып, әлгі қағазды оқып көрсе, Осекең «Бимұрат тақсыр! Осыны кітабыңа апарып жапсыр!» - деп жазған екен.
СТАВРИДА
Белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіров күндердің бір күнінде үйінің жанындағы азық-түлік дүкеніне кірсе, шынының астында сіресіп жатқан ставрида балығын көреді. Мал еті жоқ болса керек. Сонда Оспанхан:
– Ассалаумағалейкум, ставрида. Әлі өтпей жатырмысың, мыстан-рыба! -деген екен.
БАС ПЕН МАҢДАЙ
Белгілі балалар жазушысы Құрманбай Толыбаев — қос самайында ғана селдір шашы бар, жалтыр бас кісі. Сол кісі «Балдырған» журналында істеп жүрген кезде сатирик ақын Оспанхан Әубәкіров анда-санда келіп, еркелеп «бас жазуға» тиын-тебен алып кетіп тұрады екен. Бірде Кұрекең Оспанханға:
– Осы саған қашанға мен тегін бере бермекпін ақшаны. Мықты болсаң, қанеки, мені мақтап табан астында өлең шығар! - депті.
Сонда Осекең мүдірместен:
Толыбаев Құрманбай,
Жомарттығы қандай?!
Құрекеңнің басы
Тұтасымен маңдай,- деген екен.
– Саған дауа жоқ», - деп Құрекең аңша іздеп, тағы да төс қалтасына қолын сала беріпті.
«ӨЗІМ ӘЛІ ЕСТІМЕППІН»
Ел жақтан келген бір ағайын есімі қалың қазаққа белгілі сықақшы, халқымыздың сүйікті ақыны Оспанхан Әубәкіровпен (1934–1986) әңгіме кезінде:
– Оспанхан қарағым, ішімдік атаулыны сен мүлдем қойыпты деп естідік қой, сол сөз рас па? – деп сұрайды.
Сонда Оспанхан иығын көтеріп, басын шайқап:
– Япырмай, бұныңыз жақсы жаңалық екен... Бірақ өзім бұл жаңалықты әлі естімеппін! – деп жауап беріпті.
«КҮЛМЕГЕНДЕ ҚАЙТЕМІЗ?»
Бір күні сатирик Садықбек Адамбеков Жазушылар одағының секция мәжілісінде өзінің жаңа комедиясын оқыпты. Комедия тым ұзақ екен. Мәжіліске қатысып отырған ақын Сырбай жалығып жиі-жиі күле берсе керек.
– Ей, сен неге күлесің? - депті Садықбек Сырбайдың күлгенін жақтырмай. Сонда Сырбай күлкісін тыймай:
– Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! - депті.
ӘРІПТЕСТІҢ ӘЗІЛІ
Кезінде әзіл-оспақ пен сын-сықақтың сардары Оспанхан Әубәкіровтен бата алған Көпен Әмірбеков бұл күнде қазақ сатирасының белді уықтарының бірінен саналады. Қара сөзбен де, өлең-жырмен де сықақ қазанын қайнатқан, тілінің бізі бар қушыкеш әріптесі жайында ақын Несіпбек Айтов бірде былай депті:
Қазақстанда қу, ә, Көпен,
Қытайда Хуа Гофэн.
Екі жауыз бір заманда
Қалай ғана туады екен?!.
КҮЛКІНІҢ БІР ТҮРІ
«Тамашаның» кезекті репертуары дайындалып жатады. Артистер сатиралық шығармаларын ойнап, оны авторлары да көріп отырады. Кұдайберген Сұлтанбаев бұл жолы сатирик Үмбетбай Уайдиннің «Күлкінің де түр-түрі бар» деген сықағын орындайды.
Кұдайберген орындап болғаннан кейін өз шығармасын жатқа білетін, әрі күлкінің анадайы да бар, мынадайы да бар деп жілік-жілікке бөліп жазған Үкең отырып:
– Құдайберген-ау, бәрі жақсы. Тек бір күлкіні тастап кеттің ғой, — дейді.
Құдайберген:
– Қайсысы? — дейді.
Үкең:
– Мынаусы, - деп қолжазбасын көрсетеді.
Құдайберген:
– Оны әдейі тастап кеттім, — дейді.
– Неге? - дейді Үкең.
Сонда Құдайберген:
– Ойбай, Үке-ау, ол өзіміздің Камал Сейтжановичтің күлкісі ғой. Оны салсақ экранға шықпай қаламыз, - депті.
Ал Камал Сейітжанүлы Смайылов сол кезде Қазақ КСР Телевизия және радио хабары жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы екен.
ШАЛ РӨЛІНЕ «ДАЙЫНДЫҚ»
Бірде қазақ театр өнерінің негізін салушы, саңлақ актер Серәлі Қожамқұлов пен сатирик Сейіт Кенжеахметов хабарға қатысу мақсатымен республикалық теледидарға барады. Тарлан әртістің жасы ұлғайған шағы екен. Сыртқы есіктің табалдырығынан аттай бергенде аяғы сүрініп кетіп, етпетінен құлай жаздайды.
– Өзіңіз қартайып қалғансыз ба? Аяғыңызды нық, баспайсыз ба? - дейді Сейіт әзілге айналдырып. Сонда Сер-ағаң табанда тапқырлық танытып:
– Қайдағы қартайған, «Казақфильм» кино түсіреміз, шалдың ролін сомдайсың деген. Соған дайындалып жүргенім емес пе, - депті қиналмастан.
«ШҮКІРДІ БІЛЕМІН»
«Сейіт солай депті» дейтін сөздердің көпшілігі оның досы, құрдасы Сабыржан Шүкіровке байланысты айтылады. Бір күні Сейіт көршілерінің бірінен амандық сұраса, әлгі кісі «шүкір, шүкір» дей беріпті. Сонда Сәкең:
– Шүкірді білем ғой, Сабыржанның әкесі ғой, - депті.
АҒАЛАРДЫҢ ПОРТРЕТІ
Сықақшы-суретші Еркін Нұразханов бірде жолы түсіп, Жазушылар одағының «Шығармашылық үйіне» бара қалады. Көктемнің жылымық жайдары күні екен, есік көзіндегі ұзын орындықта бір топ қаламгер күншуақтап, маужырап демалып отырады.
Келіп сәлем берген Еркінді олардың біреуі таныса да, біреуі танымайды екен. Ол кездегі Еркіннің бастығы, «Балдырған» журналының бас редакторы, көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев:
– Жігіттер, сендердің аузы-бастарыңды қисайтып салып жүрген мықтың осы болады, - деп таныстырады.
– Е, осы жігіт пе еді? - деп, қаламгерлер риза болып, Еркінге қошемет сөздер айта бастайды.
Сонда орындықтың бір шетінде үнсіз отырған ақын Өтежан Нұрғалиев:
– Еркін інім, бұл ағаларыңды қисайтып салдым екен деп қысылма, сен әлі күнге бұлардың түп-түзу, тәуір портреттерін салып жүрсің. Ағаларыңның шын бейнесін көргің келсе, қарызға молырақ ақша сұра... Беттерінің қалай қисайғанын сонда көресің. Міне, ағаларыңның нағыз портреті сол! - деген екен.
АНТ ПЕН ҚАНТ
Талантты жас ақын Әбубәкір Кайранов бірде «Балдырған» журналының редакциясына барады. Бұрынырақта өзінің қызмет істеген жері екен, жігіттермен қауышып, әңгіме-дүкен құрысады.
– Не жаңалық, Әбіш? - дейді жігіттер.
– Жаңалық сол... кеше Одақтың Президенті ант берді, оны өздерің де естіп жатқан боларсыңдар, - дейді Әбубәкір әңгімені саясат жағына бұрғысы кеп.
Сонда сатирик-ақын Бейсенбай Кірісбаев:
– Әбіш-ау, ант бергенше халыққа қант неге бермейді екен. Әңгімені содан бастасаң етті, - депті мырс етіп.
Дайындаған Мақсұтхан Жақып
