Уганда президентінің ұлы әрі ел армиясының қолбасшысы Мухузи Кайнеругаба X әлеуметтік желісіндегі жазбасынан кейін жанжалдың ортасында қалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
India Today басылымының мәліметінше, 11 сәуірде генерал Түркиядан «дивиденд» ретінде 1 млрд доллар талап етіп, сонымен бірге елдің «ең сұлу әйелін» өзіне әйелдікке беруді сұраған. Кейін ол жазбасын өшіргенімен, скриншотын үнді басылымы сақтап, жариялаған.
Кайнеругаба бұл талаптарын Сомалидегі жағдаймен байланыстырған. Оның айтуынша, Анкара бұл елдегі инфрақұрылым жобаларынан, сондай-ақ Могадишодағы порттар мен әуежайларды басқарудан пайда көріп отыр. Ал Уганда Африка одағы миссияларына қатысып, «Аш-Шабаб» (әл-Каидамен байланысты топ – ред.) содырларына қарсы күреске жұмылдырылған. Осыған байланысты генерал «бағалы қағаздарды сатудан дивиденд алғысы келетінін» мәлімдеген.
Кайнеругаба талаптар орындалмаса, Уганданың Turkish Airlines әуе компаниясының ұшақтарына өз әуе кеңістігін жабатынын және Анкарамен дипломатиялық қатынасты үзетінін айтқан.
«Түркия үшін бұл өте қарапайым мәміле… Не олар бізге төлейді, не мен олардың мұндағы елшілігін жабамын. Олар да жауап ретінде біздің Түркиядағы елшілігімізді жаба алады. Ешқандай мәселе жоқ»,- деп жазды ол X желісінде.
Генерал талаптарын орындауға 30 күн беріп, «Сені үнемі сатып кететін дос кімге керек?» деп қосқан. Сондай-ақ ол Уганда азаматтарына «қауіпсіздік үшін Түркияға барудан бас тартуға» кеңес берген.
Айта кетейік, Мухузи Кайнеругабаның Түркияға бағытталған қатаң мәлімдемелері жайдан-жай шықпаған. PA Turkey жазуынша, Анкарамен қарым-қатынастың нашарлауына үш негізгі себеп бар:
1. Түркияда тұратын угандалық оппозиционер әрі ютубер Фред Лумбуе ісі. Уганда оны экстрадициялауды талап етеді, бірақ Анкара құқықтық рәсімдер мен адам құқықтары мәселелеріне сүйеніп, бас тартып отыр.
2. Түріктің Yapi Merkezi компаниясы қатысқан 2,2 млрд долларлық теміржол жобасының тоқтауы. Уганда билігі қаржыландыру мәселелерін алға тартып, келісімнен шыққан.
3. Түркияның аймақта, әсіресе Сомали мен Эфиопиямен байланыс арқылы ықпалының күшеюі. Кампала мұны Уганданың дәстүрлі мүдделер аймағына араласу ретінде қабылдайды.
Әзірге екі ел арасындағы сауда жалғасуда, түрік компаниялары Угандада жұмыс істеп тұр. Бірақ журналистердің айтуынша, қарым-қатынас бұрынғыға қарағанда айтарлықтай салқындаған.
Кайнеругаба бұған дейін де жазбаларымен халықаралық резонанс туғызған еді. 2022 жылы ол Италия премьер-министрі Джорджа Мелониге үйлену үшін айырбас ретінде анколе тұқымды 100 сиыр ұсынған.
«Егер римдіктер біздің сиырлардан бас тартса, онда біз Римді басып алуымыз керек. Бұған бізге бірнеше күн ғана қажет», — деп жазған басшы.
Сондай-ақ ол Кенияға басып кірумен қорқытқан. Осыдан кейін әкесі — президент Йовери Мусевени көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүр болды.
"Мақтанайын десең, мәңгүрттер..." - Түркияға барып, ана тілінде сөйлемеген құтқарушылар халықты ызаландырды
