Ғылымды дамытудағы келісім. Қазақстан Моңғолиямен он үш құжатқа қол қойды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jwIVJsJ8dYPH2QSa5r2QMlKt7sU0VKMk93KZY8Dc.jpg

Екі ел президенттерінің қатысуымен өткен кездесуде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ақорда таратқан ақпаратқа сәйкес, екі ел арасында он үш құжатқа қол қойылған.

Сонымен қатар, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Шыңғысхан ұлттық музейі арасында да ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды. Бұл келісімге институт бас директоры, академик Зиябек Қабылдинов пен музей директоры, академик Сампилдондовын Чулуун қол қойған. Меморандум аясында Қазақстан мен Моңғолия тарихшыларының бірлескен қауымдастығын құру, Моңғолиядағы қазақтардың тарихын зерттеу, сондай-ақ Шыңғыс әулеті мен Жошы ұлысы кезеңдеріне қатысты ортақ ғылыми экспедициялар ұйымдастыру көзделген.

Тараптар бұдан бөлек бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық конференциялар өткізу, жас ғалымдарға арналған тағылымдамалар ұйымдастыру және Scopus базасында индекстелген журналдарда ортақ жарияланымдар әзірлеу жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ XVII–XVIII ғасырлардың бірінші жартысындағы қазақ-жоңғар қатынастарына қатысты тарихи құжаттар жинағын бірлесіп шығару жоспарда бар.

Айта кетейік, бұған дейін Шыңғыс хан ұлттық мұражайы директорының сұхбатын жариялаған едік.

 

Пікірлер