Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Астанада өткен RES 2026 өңірлік экологиялық саммитінде экология саласындағы өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған бірқатар бастаманы ұсынды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Іс-шара барысында ол биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында Орталық Азияның Қызыл кітабын жасауды ұсынды.
«Бұл жұмыстың үйлестірушісі Ташкенттегі Халықаралық табиғатты қорғау одағының өңірлік кеңсесі бода алады. Өңірлік Қызыл кітап тек жойылып бара жатқан түрлердің тізімі ғана емес, осы саладағы бірлескен жұмысымызға арналған тиімді платформаға айналуы тиіс», — деді Шавкат Мирзиёев.
Сондай-ақ президент Орталық Азиядағы ауа сапасы мәселелерімен айналысатын халықаралық консорциум құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл құрылым өнеркәсіпті жаңғырту мен шығарындыларды тазарту жүйелерін енгізуді қоса алғанда, қаржыландыру мәселелерімен айналысуы тиіс. Ал технологиялық көшу үдерісін жеделдету үшін Орталық Азияда «жасыл» сауда дәлізін қалыптастыру қажет екенін айтты.
Бұдан бөлек, өңірдегі қоршаған орта өзгерістерінің бірыңғай атласын әзірлеу қажеттігі атап өтілді. Ол өңірдегі үдерістердің, соның ішінде жердің тозуы динамикасын көрнекі түрде көрсететін іргелі ғылыми база болмақ.
Сонымен қатар Мирзиёев өңірдегі климаттық жобалардың бірыңғай инвестициялық портретін қалыптастыру бастамасын көтерді. Оның айтуынша, бұл елдерге шашыраңқы бастамалармен емес, тұтас өңірлік стратегиямен әрекет етуге мүмкіндік береді.
