Астанада өткен өңірлік экологиялық саммит қорытындысы бойынша төрт құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Атап айтсақ:
1. «Халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстан Республикасының төрағалық ету барысы туралы» Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;
2. «26 наурызды Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау жөнінде» Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;
3. «Халықаралық Аралды құтқару қорының Президентін сайлау туралы» Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;
4. Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының Астана мәлімдемесі.
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын өткізген еді. Бұған дейін отырысқа қатысушылар Ақордаға келген болатын.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен ДДСҰ Арал өңірі тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға арналған Жол картасын әзірлегенін хабарлады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Арал экожүйесін қалпына келтіру бағытындағы бірлескен жұмыстың оң нәтижелеріне тоқталып, су мәселесін өңір елдері үшін өзекті әрі халықаралық деңгейде маңызды ортақ тақырып ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.
