Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы лауазымына күтпеген кандидат атануы ықтимал

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/bGGSfDPZx1HF149QpOinFuJcxn1PMW5nq2nz6in4.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылы БҰҰ Бас хатшысы қызметіне үміткер атануы мүмкін. Бұл туралы ресейлік «Ведомости» басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Нью-Йоркте алғашқы кандидаттармен интерактивті диалогтар басталып кетті, алайда Қауіпсіздік кеңесінің түпкілікті таңдауы биылғы күзге дейін күтпеген өзгерістерге ұшырауы мүмкін»,-делінген хабарламада.

Ұйымның қазіргі басшысы Антониу Гутерриш 2026 жылдың соңында өкілеттігін тоқтатады. Қазір негізгі талқылаулар Латын Америкасы мен Африка елдерінен шыққан төрт саясаткердің төңірегінде жүріп жатыр. Үміткерлер қатарында МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси, Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелет, Сенегалдың экс-президенті Маки Саль және БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының басшысы Ребекка Гринспан бар.

Географиялық ротацияның бейресми қағидасына сәйкес, келесі басшы Латын Америкасынан болуы тиіс. Алайда тарихи тәжірибе көрсеткендей, кейде ымыра үшін бұл қағида басшылыққа алынбауы да мүмкін.

Шетелдік БАҚ Тоқаевтың тізімге кеш қосылуы ықтимал нұсқа ретінде қарастырылатынын мәлімдеді. 2016 жылы дәл осындай жағдай күзде ұсынылған Кристалина Георгиева мысалында болған. Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибелі кәсіби дипломат ретінде танылған, БҰҰ-ның төрт ресми тілін меңгерген және Женевадағы кеңсені басқарған кезеңде Бас хатшының орынбасары қызметін атқарған. Оның ықтимал жоспарлары туралы әңгімелер Түркияның Анталия қаласында өткен дипломатиялық форумдағы бағдарламалық сөзінен кейін күшейді. Онда ол халықаралық ұйымдардың рөлінің төмендеуіне алаңдаушылық білдірген.

«Барлық негізгі келіссөздер БҰҰ мен өзге де ірі халықаралық құрылымдар алаңынан тыс жерде өтіп жатыр. Бұл – күрделі мәселе», – деді президент.

Ресми түрде мемлекет басшысының өкілеттігі 2029 жылы аяқталады. Өткен жылдың басында ол БҰҰ құрылымдарындағы жұмыс тәжірибесі өзіне жеткілікті екенін айтқан болатын. Сонымен бірге сарапшылар 2026 жылғы наурыздағы жаңа конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның жедел өткізілуін мысалға келтіріп, биліктің саяси икемділігін атап өтеді.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз кандидатурасын ұсыну мәселесі бойынша Кремльмен консультациялар жүргізбегенін мәлімдеді.

«Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан басшысының БҰҰ-ға ықтимал ауысуы Мәскеу үшін қызықты сценарий болуы мүмкін, алайда Батыс елдері оны Ресейге тым жақын тұлға ретінде қабылдауы ықтимал. БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары Сергей Орджоникидзе Қазақстан президентінің сайысқа кеш қосылуы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері ұзақ уақыт бойы ортақ кандидатураға келе алмаған жағдайда ғана шынайы болуы мүмкін екенін айтты»,-деп жазды ресейлік басылым.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырған еді. Ол БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттырудың маңызды екенін айтқан.

Пікірлер