Маңғыстау облысында Ұлттық кітап күні кең көлемде аталып өтті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RbrAXtGFgXMtMREtAcQ2cF85z0yt390vtzjJ1VBn.jpg

Маңғыстау облысында 23 сәуір - Ұлттық кітап күніне орай кітап оқуды насихаттауға және оқырмандық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мәдени-танымдық әрі әдістемелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ұлттық кітап күні аясында Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шара барысында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өткізіліп, кітап жәрмеңкесі мен жаңа басылымдардың таныстырылымы өтті. Сонымен қатар келушілер үшін интеллектуалдық ойындар, Quiz форматындағы викториналар және түрлі танымдық бағдарламалар ұйымдастырылып, кітаппен мазмұнды қарым-қатынас жасауға мүмкіндік жасалды.  

Ақтау қаласында облыстық білім басқармасының бастамасымен «Кітапхана трансформациясы: тәжірибе, трендтер, тәсілдер» тақырыбында облыстық семинар өтті. Оған өңірдің барлық қала-аудандарынан келген әдіскерлер, мұғалімдер мен кітапханашылар қатысты. Семинар барысында білім беру ұйымдарында кітап оқу мәдениетін дамыту және балаларды кітап оқуға тартудың тиімді жолдары талқыланды.  

Семинар жұмысы пленарлық және практикалық бөлімдерден тұрды. Ашылу рәсімі мазмұнды баяндамалармен басталып, пленарлық бөлімде қатысушылар кітап оқудың маңыздылығына тоқталып, оқырмандармен жұмыс жүргізудің заманауи тәсілдерін ортаға салды. «Шеберлік. Шығармашылық. Жаңашылдық» ұранымен өткен практикалық бөлім тәжірибе алмасуға және кітаптың балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы рөлін талқылауға арналды.  

Сондай-ақ, интерактивті форматтағы шаралар өтті. Атап айтқанда, «Кітап әлеміндегі бір күн» квесті, интеллектуалдық ойындар, сондай-ақ «Жасанды интеллект пен кітапхана: білімнің жаңа көпірі», «Қазіргі балалар және рухани құндылықтар», «Кітап әлемі - рухани дамудың негізі» тақырыптарында пікірталас алаңдары ұйымдастырылды.  

Семинар қорытындысы бойынша үздік педагогтер мен әдіскерлер алғыс хаттармен және сертификаттармен марапатталды.  

Сонымен қатар Ақтау қаласындағы мектептерде «Рухани-адамгершілік тәрбие» апталығы аясында READx форматындағы «Book Time: шабыт алаңы» атты іс-шара өтті. Шара барысында оқушылар түрлі жанрдағы кітаптармен танысып, өз әсерлерімен белсенді бөлісті. Олар «ОҚИМЫН» және «ОЙЛАНАМЫН» карточкалары арқылы өз таңдауларын білдіріп, кітап туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл формат оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік берді.  

Аудан деңгейінде де мазмұнды шаралар өтті. Түпқараған ауданында Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай «Кітап пен кітапханашы - білімнің қос қанаты» тақырыбында форум ұйымдастырылды. Салтанатты жиын барысында сала үздіктері аудан әкімінің атынан марапаттарға ие болды.  

Форум аясында кітапхана ісінің ардагері, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Әсем Мұқанқызының 75 жас мерейтойы аталып өтті. Оның сала дамуына қосқан елеулі үлесі ерекше атап өтіліп, көпжылдық еңбегіне құрмет көрсетілді.  

Форум кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналып, арнайы шақырылған спикерлер кітапхана ісін дамыту бағытында мазмұнды баяндамалар жасады.  

Іс-шаралардың қорытындысында «Жылдың үздік оқырманы», «Ең белсенді оқырман» және «Үздік оқырман отбасы» номинациялары бойынша үздік оқырмандар марапатталды.

Жалпы, Маңғыстау облысында өткен Ұлттық кітап күніне арналған іс-шаралар кітаптың қоғам өмірінің маңызды бөлігі екенін көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және өңірдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталды.

Пікірлер