Қазақстандағы мұнай-химия және өңдеу саласындағы жоспарланған жобалардың жалпы бюджеті алдағы бес жылда 15 млрд долларды құрайды. Бұл туралы Бакуде өткен «Каспий және Орталық Азия» атты екінші мұнай сауда-тасымал форумы барысында Асылбек Жәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Report-қа сілтеме жасап.
Қазақстан мұнай-газ кеңесі төрағасының айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жылына 100 млн тонна мұнай өндіру мақсатын қойып отыр. Қазіргі таңда Қазақстан әлемдегі мұнай мен газ өндіруші ең ірі 10 елдің қатарына кіреді.
«Алдағы бес жылда мұнай-химия өнімдерін қалай тасымалдаймыз? Бұл – қазіргі таңдағы ең маңызды мәселе. Мысалы құны 7,6 млрд доллар болатын полиэтилен өндіру жобасы аясында Қазақстан 1,2 млн тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. 1,1 млрд долларлық бутадиен өндіру жобасы да бар, оның көлемі 900 мың тонна болады. Әзербайжан мен Орта дәліз біз үшін басым бағытқа айналады, себебі болжам бойынша Солтүстік бағыт алдағы 5–10 жылда жабық қалуы мүмкін», – деді Жәкиев.
