Мыңнан астам музыкант «Евровидение-2026» байқауына Израиль қатысқан жағдайда бойкот жариялайтындарын айтып, ашық хатқа қол қойды. Бұл туралы Defli жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қол қоюшылар қатарында Палома Фейт, Пол Уэллер, Massive Attack, Kneecap, сондай-ақ Брайан Ино, Питер Гэбриел және Маклмор бар.
Науқанды «No Music For Genocide» (NMFG) бастамашыл тобы үйлестіруде. Олар Еуропалық хабар тарату одағын (EBU) Израильді конкурсқа қатыстыру туралы шешімді қайта қарауға шақырып отыр.
Газа секторындағы қақтығысқа қатысты дауларға қарамастан, EBU 2025 жылдың күзінде Израильдің 2026 жылғы байқауға қатысатынын растаған. Бұған жауап ретінде Испания, Нидерланд, Словения, Ирландия және Исландия сияқты бірнеше ел 2026 жылғы конкурсқа қатысудан бас тартатынын мәлімдеген.
Хат авторлары EBU шешімін 2022 жылы Ресейдің байқаудан шеттетілуімен салыстырып, «қос стандарт» деп бағалайды. Олардың пікірінше, Израильдің қатысуы Газа секторындағы жағдайды «қалыпты етіп көрсетуге» әкеледі.
Ұйымдастырушылар бұл жағдайды «мәдени имиджді ақтау» деп атап, әртістер мен хабар таратушыларды EBU позициясы өзгергенге дейін байқауға қатысудан және трансляциядан толық бас тартуға шақырады.
