Орталық Азияда су тұтыну көрсеткіші. Қазақстан ең төмен деңгейде

208
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tJ3NUeWsSXsYgZXup6VbH3EAb7uFf9GxfwEitU2N.webp

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жан басына шаққандағы су тұтыну деңгейі ең төмен ел ретінде көрсетілді. Ал өңірде ең жоғары су тұтыну көрсеткіші Түркіменстанда тіркелген.

World Population Review аналитикалық сервисінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда орташа су тұтыну көлемі бір адамға шаққанда тәулігіне шамамен 3 397 литрді құрайды.

Салыстырмалы түрде алғанда, Қырғызстанда бұл көрсеткіш 4 153 литр, Тәжікстанда — 4 460 литр, ал Өзбекстанда бір адамға тәулігіне 4 778 литрді құрайды.

Өңірдегі ең жоғары су тұтыну Түркіменстанда тіркелген — бір адамға тәулігіне 15 445 литрге дейін жетеді. Сервис мәліметіне сәйкес, бұл ел жан басына шаққандағы су тұтыну бойынша әлемде де бірінші орында тұр.

Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдеріндегі жоғары су тұтыну бірнеше факторға байланысты. Негізгі себептердің бірі — суармалы судың көп мөлшерін қажет ететін ауыл шаруашылығының дамуы. Әсіресе мақта, күріш сияқты ылғалсүйгіш дақылдарды өсіру су шығынын арттырады. Өңірде судың едәуір бөлігі ирригациялық жүйелерге жұмсалады.

Сонымен қатар, ыстық әрі құрғақ климат та су тұтынудың артуына әсер етеді. Жаз мезгілінде халықтың да, ауыл шаруашылығының да суға сұранысы көбейеді. Кейбір елдерде ескірген инфрақұрылым мен тозған каналдар салдарынан су тасымалдау кезінде едәуір шығындар да болады.

Мамандардың айтуынша, бұл статистика тек тұрмыстық суды ғана емес, өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығында пайдаланылатын суды да қамтиды. Сондықтан жан басына шаққандағы көрсеткіш күнделікті тұрмыста қолданылатын судан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Еуропа елдерінде су тұтыну деңгейі Орталық Азиямен салыстырғанда едәуір төмен. Мәселен, Германияда бір адамға тәулігіне шамамен 856 литр су жұмсалады, Францияда — 1 236 литр, Австрияда — 1 144 литр, ал Финляндияда шамамен 3 414 литр. Салыстырмалы түрде Қазақстанда бұл көрсеткіш 3 397 литрді құрайды.

Бұған дейін Ташкентте өткен келіссөздерден кейін Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үшжақты хаттамаға қол қойып, Қырғызстандағы Тоқтоғұл су қоймасынан келесі екі айға су жіберу көлемі мен режимін бекіткен болатын. Бұл фермерлердің суару маусымын кедергісіз өткізуіне мүмкіндік беру мақсатында жасалған.

Пікірлер