Қазақстаннан Иранға гуманитарлық көмек жетті

169
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/niQkirHRH3YbSlcy3D8dc8ZzUQ0TRat9UA0Rx9mj.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанның халықаралық даму агенттігі KazAID Иранға гуманитарлық көмек жеткізді. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна". 

Жүкті жеткізу жұмыстары Төтенше жағдайлар министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Сыртқы істер министрлігінің бірлесуімен ұйымдастырылған. Гуманитарлық көмекті Иран Қызыл Жарты Ай қоғамына тапсыру рәсімі «Серахс» теміржол станциясында өтті.

Ведомствоның мәліметінше, гуманитарлық жүктің құрамына ет консервілері, қант, бірінші сортты ұн, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер кірген. Қазақстан тарапынан жіберілген бұл көмек Иран халқын қолдауға және әлеуметтік маңызы бар қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстанның Ирандағы елшісі Онталап Оналбаевтың айтуынша, Иран – Таяу Шығыстағы және ислам әлеміндегі Қазақстанның маңызды саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық серіктестерінің бірі.

«Достық қиын сәтте танылады. Қазақстан әртүрлі кезеңдерде Иран халқына үнемі қолдау көрсетіп келді», - деді елші.

Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілі бұл қадам екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара қолдауды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, жалпы 30 вагоннан тұратын гуманитарлық жүк Тегеран қаласына жеткізіліп, тиісті мекемелерге таратылатын болады.

Пікірлер