Көлік министрлігі Астанада екінші әуежай салуға арналған басым бағыттардың бірін атады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Министр Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, қазір жаңа әуежай салуға арналған екі негізгі локация қарастырылып жатыр. Соның ішінде Балқарағай бағыты басым нұсқа ретінде аталды.
"Басымдық Балқарағай бағытына беріліп отыр. Дегенмен нақты шешім техникалық-экономикалық негіздеме аяқталғаннан кейін белгілі болады. Жұмыс әлі толық аяқталған жоқ", — деді Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ министр жобаға инвестор тарту мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, заманауи әуежай салу үшін ірі инвестиция мен технологиялық серіктес қажет.
"Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Үлкен әуежай салу үшін әрі технологиялық, әрі инвестициялық серіктес керек", — деді ол.
Министрдің айтуынша, жобаны Астана қаласының әкімдігі үйлестіруде. Қазір әкімдік бірнеше компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Алайда нақты серіктестер әзірге жарияланған жоқ.
