Турист ЮНЕСКО тізіміне енген көне қалашыққа кіре алмаған

117
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DwOpzJu6qn3LX7lz7Kw81g3IUHa820P8ZcfGZcPY.webp

Әлеуметтік желілерде Алматы облысындағы ортағасырлық Талхиз қалашығы туралы видео кеңінен талқыланып жатыр. Видео авторы ЮНЕСКО тізіміне енген тарихи нысанға барғанымен, кешен қақпасының жабық болғанына шағымданды, деп хабарлайды “Адырна”.

Блогер әрі саяхатшы Владислав Талғарға сапары кезінде Талхиз қалашығына кездейсоқ тап болғанын айтты. Алайда нысанға кіре алмаған.

"Талғарға видео түсіруге келіп, ЮНЕСКО мұралар тізіміне кіретін Талхиз қалашығын көрдім. Бірақ жеткенімде жабық болды. Қоңырау шалғанымда экскурсияны алдын ала брондау керектігін түсіндірді. Сол кезде маман келіп, бәрін көрсетеді екен", – деді ол.

Саяхатшының пікірінше, бұл аумақтың туристік әлеуеті жоғары. Оның ойынша, мұнда ұлттық стильдегі қолөнер шеберханалары мен шығыс базарлары бар этноқалашық жасауға болады.

"Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының мәліметінше, Талхиз қалашығы дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс істейді. Экскурсиялар алдын ала жазылу арқылы ұйымдастырылады.

"Экскурсия уақытын алдын ала келісіп, келушілер санын нақты көрсету қажет", – деп хабарлады музей-қорық өкілдері.

Мамандардың айтуынша, жұмыс күндері нысан келушілер үшін ашық. Алайда топпен баруды жоспарлағандар міндетті түрде алдын ала хабарласуы тиіс.

Талхиз қалашығы 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне Ұлы Жібек жолына қатысты трансұлттық нысан құрамында енгізілген. Ал 2018 жылдан бері "Есік" музей-қорығының қарамағында.

Қазір аумақта археологиялық және ғылыми зерттеулер жалғасып жатыр. Ғалымдар ортағасырлық қала мәдениеті мен Ұлы Жібек жолының тарихын зерттеуде..

Пікірлер