Биыл Транскаспий бағытын күшейтетін жаңа теміржол іске қосылады

101
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8UAnXrc1m88dcE5EosPrMKlfbbFDHJnJK7RoPL57.jpg

Қазақстанда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – "Мойынты – Қызылжар" жаңа теміржол желісінің құрылысы қарқынды жалғасуда. Құрылыс барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында, деп хабарлайды "Адырна". 

Ұзындығы 300 шақырымнан асатын жаңа теміржол желісі Қарағанды және Ұлытау облыстары аумағы арқылы өтіп, Мойынты мен Қызылжар станцияларын байланыстырады. Бұл учаске Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі бөліктерінің бірі саналады. Жаңа желі іске қосылғаннан кейін жүк тасымалының қашықтығы 149 шақырымға қысқарады, Мойынты – Жарық учаскесіндегі жүктеме азаяды, контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығы артып, Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуеті күшейеді.

Қазіргі таңда негізгі жер жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталды. Рельс пен шпал төсеу жұмыстары 40 пайызға орындалған. Көпірлер, құбырлар, жол өткелдері және мал өткелдері секілді нысандарды салу мен монтаждау жұмыстарының 65 пайыздан астамы біткен.

Жобаны жүзеге асыруға оннан астам мердігер ұйым тартылған. Құрылыс жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Нысанда 1700-ден астам маман мен 670-тен аса техника жұмыс істеп жатыр.

Жоспарға сәйкес, теміржол желісін пайдалануға беру ағымдағы жылға жоспарланған.

Пікірлер